Ерлан Қошанов: Әлемдік тұрақсыздық жағдайында жаңа Конституцияны қабылдау – Президенттің стратегиялық қадамы
Жаңа Конституцияны қабылдау арқылы Қазақстан әлемге өзінің тұрақты әрі демократиялық ел екенін көрсетіп отыр. Мәжіліс төрағасы, "Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!" жалпыұлттық коалициясының жетекшісі Ерлан Қошанов бүгін "Егемен Қазақстан" газетінде жарияланған сұхбатында осылай деді.
"Бүгінде әлем түрлі өзгеріске ұшырап, жер-жерде жаңа қақтығыс оты тұтанып жатқан кезде, Қазақстан тұрақтылық пен келісім алаңына айналып отырғанын бағалай білуіміз керек. Бұл Президенттің қажырлы еңбегінің арқасы. Мемлекет басшысының сыртқы саясаттағы байыпты ұстанымы, ұлттық мүддеге адалдығы, теңгерім таба білетін қасиеті халықаралық аренадағы Қазақстанның беделін арттырып, сенімді серіктес ретінде танытты", – деп санайды Ерлан Қошанов.
Мәжіліс төрағасы Президенттің халықаралық деңгейдегі абыройы мен байыпты шешімдерінің арқасында халықаралық сарапшылардың Қазақстанды Орта держава деп атайтынына тоқталды.
"Президент – болашақты болжай білетін саясаткер. Ол әлемнің тарихын, заманауи тенденцияларды жетік біледі. Сондықтан үнемі Қазақстанның демократиялық үдерістер трендінде болуын қамтамасыз етуге ұмтылады. Әлемдік тұрақсыздық жағдайында жаңа Конституцияны қабылдау да Президенттің осындай стратегиялық қадамы", – деді Ерлан Қошанов.
Мәжіліс спикерінің пікірінше, жаңа Конституцияны қабылдау арқылы Қазақстан азаматтарымыздың тұрмысын жақсартумен ғана шектеліп қалмай, өзін әлемге мемлекеттік институттарын мызғымастай нығайтып жатқан, тұрақты және демократиялық ел ретінде көрсетіп отыр.
Ол Ата заңда Күшті Президент, ықпалды Парламент және есеп беретін Үкімет формуласы енді конституциялық деңгейде бекігеніне назар аударды. Сонымен қатар әрбір институттың – Президенттің, Вице-Президенттің, Құрылтайдың, Үкіметтің, Халық Кеңесінің өкілеттіктері мен функциялары нақты айқындалды. Ең бастысы, билік тармақтарының үздіксіз, жүйелі жұмыс істеуін қамтамасыз етудің кепілі ретінде президенттік басқару формасы сақталды.