Енді жаңа туған нәрестеге ЖСН бірден беріледі
Жүйе анасына баланың тегі, аты және әкесінің аты сияқты мәліметтерді беру туралы SMS-хабарлама жібереді.ІІМ мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, жаңа туған балаларға ЖСН (жеке сәйкестендіру нөмірін) беру бойынша пилот жобасын іске қосты. Бұл туралы Polisia.kz. хабарлады.
"Бұрын балаға ЖСН ата-анасы туу туралы куәлік алуға өтініш білдіргеннен кейін ғана берілетін. Сол себепті біраз бала ата-аналары мұндай куәлікті алғанға дейін есепке алынбайтын. Енді АХАТ бөлімі туу туралы медициналық куәлікті алғаннан кейін автоматты түрде баланың туу туралы актілік жазбасын жасайды, оның негізінде баланың ЖСН-ы қалыптасады", – делінген хабарламада.
Бұл арқылы баланың ата-анасының жеке өтінішінсіз, проактивті форматта (көрсетілетін қызметті берушінің ұсынысы бойынша) бірқатар мемлекеттік қызмет автоматты түрде көрсетіледі. Олар:
- бала тууға байланысты және бала күтімі бойынша жәрдемақы алу;
- жүктілікке және босануға байланысты табысынан айырылған жағдайда әлеуметтік төлемді тағайындау және төлеу;
- бала 1,5 жасқа толғаннан кейін оның күтіміне байланысты табысынан айырылған жағдайда әлеуметтік төлем.
Жүйе анасына баланың тегі, аты және әкесінің аты (бар болса) сияқты мәліметтерді беру туралы SMS-хабарлама жібереді (үш жұмыс күні ішінде жауап беру керек). Деректер алынғаннан кейін туу туралы куәлік әзірленеді.