Қазақстан шет елдерде жүрген азаматтар үшін паспорт алу мерзімін қысқартуды жоспарлап отыр. Бұл туралы Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі "Ашық нормативтік құқықтық актілер" порталында жариялаған бұйрық жобасында көрсетілген.

Құжатқа сәйкес, енді шетелде жүріп паспорт рәсімдегісі келген қазақстандықтар оны бұрынғыдай 90 күн емес, 40 жұмыс күні ішінде ала алады. Яғни қызмет көрсету мерзімі екі еседен астам қысқарады.

Министрлік бұл өзгерістерді мемлекеттік қызмет көрсету сапасын арттыру және заңнаманы жетілдіру мақсатында ұсынып отыр. Сонымен қатар жоба аясында ескірген нормалар мен сілтемелер алынып тасталып, қолданыстағы заңдарға сәйкестендіру қарастырылған. Оның ішінде "Мемлекеттік және әлеуметтік жауапкершілігі бар көрсетілетін қызметтер туралы" заң мен Цифрлық кодекске енгізілген өзгерістер ескерілген.

Аталған құжат 6 сәуірге дейін қоғамдық талқылауда болады. Егер оң пікірлер жиналса, жаңа тәртіп күшіне енуі мүмкін.