Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова алаяқтыққа тосқауыл қою үшін онлайн кредит рәсімдеу кезінде банктерді қосымша тексеріс жүргізуге міндеттеу ұсынылып отырғанын мәлімдеді.

Оның айтуынша, кредитті электронды түрде алуға тыйым салу халықтың шамадан тыс қарызға бату проблемасын шешпейді. Себебі адамдар онлайн ала алмаған несиесін банкке де барып рәсімдейді.

"Электронды түрде алуға тыйым салсаңыз, азаматтар бәрібір де банкке барып, кредит алуға мүмкіндігі бар. Сол себепті онлайн кредитке тыйым салу халықтың қарызға шамадан тыс батуы мәселесін толығымен шешпейді", – деді агенттік төрағасы.

Дегенмен алаяқтарға тосқауыл қою үшін агенттік банктерді онлайн кредит рәсімдеу барысында қарыз алушыны қосымша тексеруге міндеттемек.

"Тәуекелі жоғары операциялар анықталса, мысалы әлеуметтік осал санатқа кіретін азаматтар, зейнеткер несие алса, банктер қосымша тексеріс жүргізуге міндетті болады. Бұл несиені бірден мақұлдауға жол бермейді, яғни бес минут ішінде 5 миллион теңге кредит ала алмайсыз", – деді Мәдина Әбілқасымова.

Оның айтуынша, қазір бұл ұсыныс банктермен талқыланып жатыр.