Қазақстанда 2025 жылы ипотекалық несиелер пайызының төмендеуі ықтимал. Мұндай пайымды Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығының бас талдаушысы Рамазан Досов Krisha.kz басылымына айтты.
Сарапшының сөзінше, Қазақстанда ипотеканың екі түрі бар. Біріншісі жеңілдікті тұрғын үй несиелері болса, екіншісі – коммерциялық, яғни нарықтық ипотекалар.
"Ипотека пайызының төмендеу ықтималдығы бар. Оған елдегі макроэкономикалық жағдайлар және құрылыс саласын реттеу бойынша мемлекеттік саясат негіз болар еді. Мемлекет жеңілдікті, яғни төмен пайызды ипотеканы тек халықтың шын мұқтаж осал топтарына бергені абзал. Осындай шектеу арқылы мемлекет бүкіл нарықта тұрғын үй несиесіне қолжетімділікті қамтамасыз етер еді", – деді Рамазан Досов.
Оқи отырыңыз:
- 2024 жыл соңына дейін қалай баспана алуға болады? Тұрғын үй бағдарламаларына шолу
- "9-20-25", "7-20-25", "Жас отбасы": 2024 жылы ипотекамен қалай пәтер алуға болады?
Оның пайымынша, 2025 жылы ипотека шарттарын жеңілдеті үшін келесі төрт шарт орындалуы тиіс:
- Инфляцияның баяулауы. Төмен және тұрақты инфляция Ұлттық банкке базалық мөлшерлемені төмендетуге мүмкіндік береді. Ал бұл өз кезегінде ипотека бойынша банктердің мөлшерлемелерін төмендетеді.
- Халықтың табысының артуы. Несие алушылардың кредиттік тәуекелі олардың табысына тікелей тәуелді.
- Жеңілдікті ипотекаларды тек мұқтаждарға беру арылы қысқарту.
- Екінші деңгейлі банктерге тең шарттар беру арқылы тұрғын үй секторында нарықтық механизмдерді қалпына келтіру.
Айта кетейік, Рамазан Досовтың болжамынша, 2025 жылы базалық мөлшерлеме жылдық 14,25 пайыздан 11,5-12 пайызға дейін төмендеуі мүмкін.