Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі дүниежүзілік банктің сарапшыларымен бірлесіп ең төменгі жалақы мөлшерін айқындау әдістемесінің жобасын дайындады. Ең төменгі жалақы мөлшері медианалық жалақы мен еңбек өнімділігіне қарай айқындалатын болады. Бұл туралы министрліктің баспасөз қызметі хабарлады.

Бұл жұмыскерлердің табыстары мен өндірілетін тауарлар, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтер көлемі арасында нақты өзара байланыс орнатуға, сондай-ақ ең төменгі жалақы мөлшерін халықаралық еңбек ұйымының ұсынымына жақындатуға мүмкіндік береді.

"Ең төменгі жалақы мөлшерін анықтау үшін медианалық жалақы мен еңбек өнімділігін пайдалану жеткіліктілік пен төлем қабілеттілігі негізінде теңгерімді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Жеткіліктілік – бұл қызметкерлерді олардың еңбегі үшін әділ және барабар табыспен қамтамасыз ету. Төлем қабілеттілігі – жұмыс берушілердің өз еңбек шығындарын кәсіпорынның қызметкерлерін жалдауы мен бәсекеге қабілеттілігіне теріс әсер етпейтін деңгейде ұстап тұру мүмкіндігі", – деп түсіндірді Еңбекмині еңбек және әлеуметтік әріптестік департаментінің директоры Данат Нәбиев.


Оқи отырыңыз: Ең төменгі жалақы 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап 70 мың теңге болады


Ең төменгі жалақы деңгейі ұсынылған тәсілге сәйкес айқындалатын болады.

"Құрамына үкіметтің, республикалық кәсіподақтар бірлестіктерінің, жұмыс берушілердің республикалық бірлестіктерінің (қауымдастықтарының, одақтарының) және сараптамалық қоғамдастықтың өкілетті өкілдері кіретін әлеуметтік әріптестік және әлеуметтік және еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі республикалық үшжақты комиссияның қарауына енгізіледі. Әдістемені заңнамалық тұрғыдан бекіту үшін еңбекмині қазіргі уақытта еңбек кодексіне түзетулер дайындап, мүдделі мемлекеттік органдарға келісуге жіберді", – делінген хабарламада.

Айта кетейік, Қазақстанда ең төменгі жалақы ең төменгі әлеуметтік стандарттарға жатады және жыл сайын "Республикалық бюджет туралы" заңмен белгіленеді. Ең төменгі жалақы қосымша төлемдер мен жәрдемақыларды, өтемақы мен әлеуметтік төлемдерді, сыйлықақыларды және басқа ынталандырушы төлемдерді қамтымайды.