Ең жас министр экологияны жақсарту үшін қолға алатын жұмыстарын атады
Министр Қазақстандағы өзекті мәселелердің бірі ретінде су ресурстарын атады.Журналистер Үкімет кулуарында Қазақстандағы ең жас министр – экология және табиғи ресурстар министрі Зүлфия Сүлейменовадан ведомсвто жұмысына қандай жаңашылдық әкелетінін сұрады.
"Экология саласындағы саясатты және біздің министрліктің өзін-өзі көрсетуін белсенді етеміз деп ойлаймын. Қазіргі таңда жастар арасында экология мәселесіне ерекше назар аудару байқалады. Осы мәселе бойынша олармен тығыз жұмыс істейтін боламыз. Белгілі бір өндірістерге байланысты мәселелерді де қолға алып, жасалған жұмыстардың негізінде алдағы уақытта да белсенді жұмыс істейтін боламыз", – деді министр.
Оқи отырыңыз: Үкіметтің орташа жасы – 43 жас. Министрлер кабинеті қаншалықты жасарды?
Сонымен қатар Зүлфия Сүлейменова бүгінгі күні су ресурстары өзекті мәселелердің бірі болып отырғанын айтты.
"Қазіргі таңда климаттың өзгеруін байқап отырмыз. Осыған байланысты су ресурстарына түсіп жатқан салмақ жоғары. Мысалы, 2020 жылы Тұйықсу мұзыдығына көтерілгенмін. Ол соңғы жарты ғасырда шамамен 30 пайызға қысқарған. Бұл су мәселесіне тікелей ықпал ететін болады. Себебі мұздықтар – бізде ішетін су көздерінің бірі", – деді министр.
Сондай-ақ министр жануарлар дүниесі, ормандар, балық шаруашылығы бағыттары да кейінге қалмайтынын атап өтті.
Айта кетейік, Зүлфия Сүлейменова 1990 жылы Ақтөбе қаласында дүниеге келген. Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетін бітірген. Президент жастар кадрлық резервінің мүшесі. 2023 жылдың 4 қаңтарында Президент қаулысымен экология және табиғи ресурстар министрі болып тағайындалды. Ол Қазақстандағы ең жас министр болып саналады.