Биыл 1 мамырдағы мәлімет бойынша 94,2 мың отбасындағы 494,3 мың адамға атаулы әлеуметтік көмек тағайындалды. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

АӘК отбасының әрбір мүшесіне жан басына шаққандағы орташа табысы өңірлік ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70 пайызынан төмен азаматтарға тағайындалады.

"2023 жылы 1 қаңтардан бастап 1 жас пен 6 жастағы балаларға арналған кепілдендірілген әлеуметтік топтама  монетизациялау форматына, яғни 1,5 АЕК мөлшерінде (2023 жыл – 5175 теңге) қосымша ақшалай төлем түріне ауыстырылды. Биыл 150,8 мың балаға қосымша төлем тағайындалды" – делінген ақпаратта.

АӘК тағайындауға өтінішті кез келген адам тұрғылықты жері бойынша жұмыспен қамту орталығында, ауыл округінің әкіміне, сондай-ақ egov.kz электрондық үкімет порталы арқылы бере алады.