Экономика министрі коммуналдық тарифтердің неге артатынын түсіндірді
Коммуналды тарифтер жаз айларында біртіндеп көтеріледі.Коммуналды тарифтер осы жылдың маусым-шілде айларынан бастап біртіндеп көтеріледі. Тарифтердің не үшін артатынын Мәжіліс кулуарында ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров түсіндірді.
"Коммуналды тарифтер осы жылдың маусым-шілде айларынан бастап көтеріледі. Бірақ біз оны біртіндеп көтереміз. Себебі, тарифтер халық үшін қолайлы болуы керек. Болжам бойынша, ол 10-30 пайыз аралығында болады. Бірақ әр өңірде әртүрлі, желілердің ескіру деңгейіне қарай өседі. Мысалы, Екібастұз тарифтерді 108 пайызға көтеруді ұсынды, бірақ біз онымен келіспедік", – деді министр.
Оқи отырыңыз: 2023 жылы коммуналдық қызметтер бағасының өсуіне не себеп?
Әлібек Қуантыров өңірлердегі жылу және электр желілері 80 пайыздан астам ескіргенін атап өтті.
"Тарфитерді көтеру бір жағынан ескірген желілер мен ЖЭО жаңартуға және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саладағы қызметкерлердің жалақысын көтеру үшін қажет. Себебі олардың жалақысы өте төмен", – деді министр.