Екібастұз қаласында жолақыны 80 теңгеден 100 теңгеге көтеру жоспарланып отыр. Ал төлемді қолма-қол ақшамен жасағанда жолаушылар 130 теңгенің орнына 200 теңге төлейтін болады. Бұл туралы Ашық НҚА порталында жарық көрген Екібастұз қаласы әкімдігі қаулысының жобасынан белгілі болды. 

"Екібастұз қаласының қалалық қатынастарында жолаушылар мен багажды автомобильмен тұрақты тасымалдауға сараланатын тариф белгіленсін: Интернет желісі және ұялы байланыс құрылғыларын қоса алғанда, электрондық төлеу жүйесі арқылы жол ақысын қолма-қол ақшасыз төлеу кезінде – 100 теңге, жол ақысын қолма-қол төлеу кезінде – 200 теңге. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі", – делінген қаулы жобасында. 

Еске салайық, Екібастұзда 2023 жылы тамыздан бастап жолақыға сараланған тариф енгізілген болатын. Бұл ретте жолақы 80 теңге мөлшерін сақтап қалды, бірақ ол тек төлемді қолма-қол ақшасыз жасаған жағдайда есепке алынады. Ал жолаушылар қазір қолма-қол төлем жасағанда 100 теңге жұмсайды.

Жаңа тариф енгізілген жағдайда зейнеткерлер үшін жеңілдікті төлем мөлшері де артады. Қолданыстағы ережеге сәйкес, ол төлемақының 50 пайызына тең. Сәйкесінше, жеңілдікті жолақы 40 теңгеден 50 теңгеге артады. 


Оқи отырыңыз: Үкімет Екібастұз ЖЭО-н жаңғыртуға 3,4 млрд теңге бөледі