Тікелей эфир

Үкімет Екібастұз ЖЭО-н жаңғыртуға 3,4 млрд теңге бөледі

Тиісті қаулыға премьер-министр Олжас Бектенов қол қойды.

Үкімет Екібастұз жылу электр орталығын (ЖЭО) одан әрі жаңғыртуға резервтен 3,4 миллиард теңге бөледі.

Сонымен Екібастұз ЖЭО-ның төрт (11-15) қазандық агрегатын (2,4 млрд) күрделі жөндеуге және сол жерде тұндырылған су магистралін (988 млн) салу үшін Павлодар облысының бюджетіне қаражат аударылады.

"Бүгінде Екібастұз ЖЭО – қаланы орталықтандырылған жылумен қамтамасыз ететін бірден-бір нысан. Өткен жылы үкімет резервіндегі қаражат есебінен бес су жылыту қазандығы мен жылу желілеріне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, жылыту маусымы еш іркіліссіз өтті", – делінген хабарламада.

Олжас Бектенов биыл наурыз айында Павлодар облысына жұмыс сапары барысында Павлодар, Екібастұз және Ақсу қалаларының инженерлік инфрақұрылымын жаңғыртуды жалғастыру қажет екенін  айтқан болатын.

Атап айтқанда, Екібастұз ЖЭО-да күлден гидравликалық тазартуға арналған тұндырылған су беру жүйесі 1986 жылы орнатылды. Оның құрамына кіретін құбырлар тозған, бұл тұтынушыларға жылу беруді шектеуі мүмкін. Осыған байланысты тұндырылған судың жаңа магистралін салу басым міндеттердің бірі болып отыр.

Еске салайық, бұған дейін үкімет резервінен Кентау, Риддер және Қызылорда қалаларының жылу көздерін жаңғыртуға 16 млрд теңге, Риддер жылу желілерін күрделі жөндеуге 2,4 млрд теңгеден астам және Көкшетау қазандықтарын жөндеуге 816 млн теңге бөлінген болатын.

Жалпы, биыл Астана, Алматы, Шымкент, Атырау, Өскемен, Қарағанды, Ақтау, Тараз, Петропавл, Жезқазған, Ақтөбе, Степногорск, Рудный, Балқаш және басқа да қалаларда энергия блоктарын, қазандықтар мен турбиналарды жөндеу жоспарланып отыр.

Бұл мақала сізге пайдалы болды ма?
0

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары