Қазақстанда 11 миллионнан астам қолданушысы бар eGov Mobile мобильді қосымшасы соңғы жылдардағы ең ауқымды жаңартудан өтті. Қосымшаның интерфейсі толығымен қайта жасалып, навигациясы жетілдірілді, интеллектуалды іздеу, цифрлық құжаттарға жедел қол жеткізу мүмкіндігі және басқа да жаңа функциялар қосылды.

Бұл жаңарту азаматтардың мемлекеттік қызметтерге деген артып келе жатқан сұранысына жауап ретінде ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер комитеті мен "Ұлттық ақпараттық технологиялар" АҚ бірлесіп іске асырған.

Қосымшаның басты жаңалықтарының бірі – интеллектуалды іздеу және eGov AI виртуалды көмекшісі. Жаңа іздеу жүйесі сұраныс енгізілген сәтте сәйкес қызметтер мен өмірлік жағдайларды жылдам ұсынады. Ал eGov AI жасанды интеллект негізінде жұмыс істейтін көмекші ретінде пайдаланушыларға нақты әрі түсінікті кеңес береді, қажетті қызметке бағыттайды. Бұл – қызметтерге қол жеткізуді жеңілдететін маңызды жаңалық.

Жаңартулар барысында ақпараттық қауіпсіздікке ерекше көңіл бөлінді. Қолданушылардың жеке деректерін қорғау деңгейі арттырылып, сыртқы қауіптерге төзімділік күшейтілді.

  • Жаңа интерфейсте басты бетке ең танымал сервистердің белгішелері шығарылған. Сонымен қатар, eGov логотипі арқылы қызметтер каталогына тікелей өтуге болады. Барлық қызметтер тақырыптар бойынша топтастырылған, ал электрондық үкімет және Е-лицензиялау порталдары жеке бағыттармен бөлінген.
  • "Сервистер" бөлімі енді қосымшаның төменгі мәзірінде жеке белгішемен көрсетілген. Барлық цифрлық қызметтер жүйеленіп, пайдаланушылар үшін түсінікті құрылымда берілген. Әрбір қызметті "түйреуішпен" белгілеу арқылы танымалдар қатарына қосуға болады.
  • Ал "Цифрлық құжаттар" бөлімі айтарлықтай жаңарып, басты бетке шығарылды. Енді жеке куәлік, туу туралы куәлік және басқа да маңызды құжаттарды немесе олардың QR-кодын бірден көрсетуге болады.
  • Қосымшада енді өмірлік жағдайлар каталогы пайда болды. Бұл бөлімде, мысалы, емханаға тіркелу немесе жүргізуші куәлігін алу тәрізді мәселелер бойынша кезең-кезеңмен нұсқаулықтар берілген. Әр жағдай интерактивті сауалнама арқылы толықтырылған, нәтижесінде қолданушыға жеке сценарий ұсынылады.
  • "Хабарламалар" бөлімі енді тақырыптар бойынша топтастырылған, бұл маңызды жаңалықтар мен қызмет мәртебелерін жылдам табуға көмектеседі.

Жеке профильде денсаулық, еңбек қызметі, айыппұлдар, мүлік және тағы басқа салаларға қатысты толық ақпарат қолжетімді. Сонымен қатар, пайдаланушы берген келісімдердің тарихы көрсетіледі.