"Еденді тілмен жалатады". Депутат психологиялық тренинг курстарын сынға алды
Мәжіліс депутаты Жарқынбек Амантайұлы бас прокурор мен мәдениет және ақпарат министрінің атына жолдаған сауалында психологиялық тренингтерді тексеру қажеттігін айтты. Оның сөзінше, мұндай жарнамасы жаңғырып тұрған тренингтер адамдарға пайда емес, керісінше рухани, психологиялық және қаржылық зиян келтіріп отыр.
"Тренинг орталықтарының жұмыс істеу әдісі бір. Таңертең қатысушылардың телефондарын жинап алады. Одан кейін психологиялық және моральдық қысымға негізделген "ақыл-кеңестер" арқылы адамның жеке кеңістігіне қол сұғып, санасын біртіндеп улайды. Содан кейін не болады? Әрине, өзінің талап-міндеттерін оңай орындата бастайды. Бірінші курста адамды көпшілік алдында жеке проблемасын ашық айтуға мәжбүрлейді. Бірі жылайды, бірі айқайлайды, бірі күледі, бірі билейді. Тіпті кейбіріне еденді тілімен жалау, бір-бірінің түкірігін ішкізу сияқты айтуға ауыз бармас сорақы әрекеттер жасатады", – деді депутат.
Жарқынбек Амантайұлының айтуынша, екінші курста жағдай одан әрі ушығады. Қатысушыларға әлеуметтік рөлін өзгерту міндеттеледі: ер адамға әйел киімін киіп, көшеде жүру тапсырылуы мүмкін немесе өзін "бомж" кейпіне салып, қоқыс маңында тамақ жеу талап етіледі.
"Қатысушыға міндетті түрде үш адамды курсқа тарту талабы қойылады. Орындай алмаса тағы да қорқыту, психологиялық қысым, әуелде өзі әшкерелеген қылмыстары мен айыптарын жариялау, жобадан шығарамыз деген сынды үрей туғызады. Ай-күннің аманында қарапайым азаматтарды рухани күйретіп, психологиялық тұрғыда әлсіретіп, қаржылай тонауға жол беруге болмайды", – деген депутат тренингтік бағдарламаларды лицензиялау, сертификаттау және мемлекеттік реттеу тетігін енгізуді ұсынды.