France Football журналы тағайындаған 69-шы "Алтын доптың" иесі 22 қыркүйекте анықталады. Биылғы фаворит үміткерлердің қатарында Джуд Беллингем, Вирджил ван Дейк, Винисиус Жуниор, Флориан Вирц және Витинья есімі аталып отыр. 

Айта кетейік, соңғы 4 жылда үздік футболшы жаңа тәсілмен іріктеледі. Жеңімпаз күнтізбелік жылдың қорытындысы бойынша емес, футбол маусымындағы көрсеткіштеріне байланысты анықталады. Бұл жолы ойыншылардың жетістіктері 2024 жылдың 1 тамызынан 2025 жылдың 25 шілдесіне дейінгі аралықта есепке алынған.

Журналдың шарттарына сәйкес, үміткерлерге дауыс беру құқығы спорт журналистеріне берілген. Әр журналист он футболшыдан тұратын тізім жасайды. Бірінші орын алған ойыншыға – 15 ұпай, екінші орынға – 12 ұпай, үшіншіге – 10 ұпай беріледі. Одан кейінгі орындарға ұпайлар кему ретімен: 8-ден 1-ге дейін есептеледі. Дауыс беру қорытындысы бойынша ең көп ұпай жинаған футболшы – "Алтын доп" иегері атанады.

Еске салайық, 2024 жылы "Алтын допты" испаниялық Родри жеңіп алған болатын.


Оқи отырыңыз: "Қайратты" Чемпиондар лигасына шығарған Темірлан Анарбеков туралы не білеміз