Қазақстан мұсылмандары діни бірлестігі домбыраға қатысты мәлімдеме жасады. Оған себеп – әлеуметтік желіде "домбыра шерту, беташар жасау, келіннің сәлем салуы – харам" деген жазбалардың таралуы. Осыған байланысты азаматтар тарапынан Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына сауалдар келіп түскен.


Оқи отырыңыз: Оқушының мектепте орамал тағуы дұрыс па? ҚМДБ ресми мәлімдеме жасады


"Ислам әлеміндегі танымал ғұламалардың бірі де бірегейі Имам әл-Ғазали мен Әбу Ханифа мәзһабының көрнекті ғалымы Абдул-Ғани ән-Нәбулусидің көзқарасы бойынша дінді насихаттау, халықты отансүйгіштікке, имандылыққа, бірлік пен адамгершілікке шақыру мағынасында айтылған әнге рұқсат. Ал адамға жаман ой тастайтын, арақ пен әдепсіз іске үндейтін ән айтуға шариғатымыз тыйым салған", – деп жазды діни басқарма.


Оқи отырыңыз: Домбыраны Қазақстанның қай өңірлерінің тұрғындары көбірек шертеді?


ҚМДБ мәлімдемесіне сәйкес, сан ғасырдан бері Ислам дінін ұстанып келе жатқан қазақ халқы ұлттық аспабымыз – домбыра арқылы ән, терме-толғау шырқап, тыңдаушыны имандылыққа, ізгілікке, адамгершілікке, Отанды қорғауға, ата-анамызды қадірлеуге шақырған.

"Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы әлеуметтік желі қолданушыларын "домбыра шерту, беташар жасау, сәлем салу – харам" деген мағынада біржақты, негізсіз пікір айтып, халық арасында түсінбеушілік тудырмауға үндейді. Ұлттық құндылықтарға қарсы келу дұрыс емес екенін мәлімдейміз", – делінген ҚМДБ мәлімдемесінде.