Мәжіліс депутаттары 12 желтоқсанды – тарихи құжаттармен дәлелденген Алаш республикасының құрылған күні ретінде – "Алаш күні" деп ресми белгілеуді және жыл сайын мемлекеттік деңгейде атап өтуді сұрады. Бұл туралы "Ақ жол" фракциясының депутаттары премьер-министр Әлихан Смайыловқа жолдаған депутаттық сауалында айтты.

Депутаттар 1917 жылдың 5-12 желтоқсанында Алаш республикасы үкіметінің төрағасы ретінде Әлихан Бөкейханов сайланғанын еске салды. Бұл туралы "Сарыарқа" газетінде: "Алты алаштың баласының басына ақ орда тігіліп, Алаш туы көтерілді" деп жазылғанынан дерек келтірді.

"Биыл Алаш республикасының құрылғанына 105 жыл толды. Естеріңізге сала кетейін, 29 маусымда "Ақ жол" фракциясы бұл датаны мемлекеттік деңгейде атап өтуді талап еткен депутаттық сауал жолдаған болатын. Алайда, Үкімет бұл мәселені өкілетті министрліктерге тапсырғаны туралы жүре жауап берді. Сонымен, өкінішке қарай, бұл тарихи дата тағы да атаусыз қалды", – деді депутат Берік Дүсенбинов.


Оқи отырыңыз:


Депутаттар Алаш республикасының құрылған күнін жыл сайын мемлекеттік деңгейде атап өтуді ұсынды.

"Құрметті Әлихан Асханұлы! Тарих тағылымын ұрпаққа насихаттау мақсатында "Ақ жол" фракциясы Алаштанушы ғалымдардың бастамасын қолдай отырып, Тәуелсіздік күнінің қарсаңындағы 12 желтоқсанды – тарихи құжаттармен дәлелденген Алаш республикасының құрылған күні ретінде – "Алаш күні" деп ресми белгілеуді және жыл сайын мемлекеттік деңгейде атап өтуді сұрайды", – деді депутат.