"Денем бөртіп, ауруханаға түстім". Абай облысында тұрғындар қоңызға шағымданды
Абай облысында ауылдарды қоңыз басты. Жәндіктің бұрын-соңды кездеспеген түрі жасыл желекті жайпап, тіпті үйлердің ішіне дейін кіріп кеткен. Тұрғындардың айтуынша, бұл қоңыздар адамдарды да шаға бастаған. Денесі бөртіп, ауруханаға түскендер де бар. Жеті елдімекеннің халқы зиянкестерден қалай құтыларын білмей отыр. Себебі жауапты мекемелер улау жұмыстарын жүргізбеген, деп хабарлайды 31-арнаның "Информюро" ақпараттық бағдарламасы.
Семей маңындағы ауылдарды қоңыздар қаптап кеткен. Тұрғындардың айтуынша, зиянкестер ауладағы бау-бақшаны жайпап кеткен. Қатты ыстықта қандаладай қаптайтын бұл қоңыздар адамдарды да шаққан.
Берік Заманбек бүгін ғана ауруханадан шықты. Жігіт ағасының айтуынша, жәндік денесіне кенедей жабысып алған. Алғашында аса мән бермей, қолымен қағып тастапты. Алайда 15-20 минуттан кейін бүкіл денесі бөртіп, жағдайы күрт нашарлаған.
"Балдырланып, түгел осылай ісіп, көзім ісіп, отек болып кетті. Көзім тіпті сығырайып қалды. Температура болмады, бірақ бүкіл денем қышып, үлкен-үлкен болып бөртіп кетті. Ішім, кеудем, тамағым – бәрі бөріп шықты", – дейді Жарқын ауылының тұрғыны Берік Заманбек.
Оқи отырыңыз: Шатырдан су ағып, қабырға қақырап тұр: Атыраулықтар тұрғын үй жағдайына шағымданды
Қара және қызыл түсті қоңыздардың қаптауы тұрғындардың зәресін алған. Өйткені, мұндай жәндікті бұрын-соңды көрмедік дейді олар. Алты елдімекенде дәрігер көмегіне жүгінетін балалардың саны да артыпты. Сондықтан көпшілік балаларын далаға шығармауға тырысып отыр. Ауладағы өнімдерге де зиян келген.
"Көмек берулеріңізді сұраймыз. Бүкіл ауыл болып уайымдап отырмыз. Балалардың жағдайы қиын. Огород егеміз ғой, бірақ ештеңе өспей жатыр. Қоңыздар қырқып тастайды. Баланы шақты – күйік шалғандай, ожог пайда болды. Денесінде сарысу шықты, дене қызуы да көтерілді", – дейді Мұқыр ауылының тұрғыны Гауһар Нұрғалиева.
Жұрт жәндіктерді өз беттерінше улап жатыр. Алайда зиянкестер азаюдың орнына көбейіп кеткен. Керісінше, уды көп қолданғаннан кейін теріге зақым келіп, тыртық қалған жағдайлар да кездескен. Ал жауапты мамандардың айтуынша, ереже бойынша бұл қоңыз түрлері қауіпті жәндіктер қатарына жатпайды. Сондықтан оларды тұрғындар өздері залалсыздандыруы тиіс.
"Қоңыздың бұл түрлері қауіпті жәндіктер қатарына кірмейді. Министрлік қаулысына сәйкес, мұндай зиянкестерді жоюға бюджеттен қаражат бөлінбейді. Сондықтан залалсыздандыру жұмыстарын жүргізе алмаймыз. Фитосанитарлық шаралар тек арнайы тізімге енген, нақты қауіп төндіретін зиянкестерге ғана қолданылады", – деп мәлімдеді ҚР Мемлекеттік инспекция комитеті Абай облысы бойынша аумақтық инспекциясының баспасөз қызметі.
Оқи отырыңыз: Супер кептер самғайды
Жарқын, Мұқыр, Степной, Утинка, Шақаман, Мұрат және Бобровка ауылдары – барлығы жеті елдімекен қоңыздан зардап шегіп отыр. Тұрғындар бұл жәндіктерді зертханаға жіберіп, сараптама жасатуды сұрайды. Олардың пайымынша, бұл зиянкестер расымен де қауіпті.