Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов үкімет басшысы Әлихан Смайыловтан Риддердегі жылу электр орталығын демонополизациялау мәселесін қарауын сұрады. 

"Жылу электр орталығын дұрыс пайдаланбау және станса бастығының жұмысына салғырт қарауы салдарынан тек қана төтенше жағдай кезінде қазандық агрегаттары 74 рет тоқтап, оның ішінде өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтамау салдарынан да апаттар тіркелді. Кәсіпорынның кредиттік берешегі 3 млрд теңгеден асады. Осы станса елдің ағымдағы жылғы жөндеу науқанына дайындығы, сондай-ақ қарызын өтеуге қатысты нақты жоспары жоқ. Қазіргі уақытта әкімдік Риддер ЖЭО кредиторларымен бірге 2,7 млрд теңгеге сот шараларын бастады. Кәсіпорынның қаржылық дәрменсіздігі, кредиторлық берешектің болуы келесі жылыту маусымына да қауіп төндіреді. Қаланы жылумен қамтамасыз етуде сыни жағдай туындап, ол техногендік апатқа әкелуі мүмкін. Осыған орай Риддер ЖЭО-ны демонополизаиялау мәселесін қарауыңызды сұраймын", – деді облыс әкімі. 


Оқи отырыңыз: ШҚО әкімі: Риддерде қазақ мектебі бой көтереді


Бұл ретте үкімет басшысы да энергия объектілерін тиісті деңгейде күтіп ұстамай, тіршілікке қажетті жүйелердің қызметіне қауіп төнген жағдайда мемлекетке оларды меншіктен алып қою құқығы берілетінін айтты.

"Индустрия министрлігі Энергетика министрлігімен және өңір әкімдерімен бірлесіп, 1 маусымға дейін қолданыстағы жылу желілерінің жағдайына техникалық тексеру жұмыстарын аяқтауы керек. Осы жұмыстардың қорытындысы бойынша апатты жағдайдағы жеке меншіктегі жылу желілерін коммуналдық меншікке берудің қажеттілігін анықтау керек. Нәтижесін менің жеке өзіме баяндаңыздар", – деді Әлихан Смайылов.