"Алтын Дала" табиғатты қорғау бастамасы жайлы фильм жарыққа шықты. БҰҰ бұл бастамаға экожүйелер мен биоалуантүрлілікті қалпына келтіру мен сақтау жолындағы ең сәтті он бағдарламаның бірі атағын берді, деп хабарлайды орман шаруашылығы және жануаларды қорғау комитетінің баспасөз қызметі.

"Алтын Дала" бастамасы 2006 жылдан бері ҚР ЭТРМ орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті, АСБК, Франкфурт зоологиялық қоғамы, Fauna&Flora халықаралық ұйымы, құстарды қорғау корольдік қоғамы арасындағы серіктестік аясында жүзеге асуда. Оның мақсаты – жануарлардың негізгі түрлерін, далалы және шөлейтті экожүйелерді сақтау және ерекше қорғалатын табиғи аумақтар желісін жетілдіру. Бастаманың басты "жалауы" – ақбөкен, оның саны браконьерлікке байланысты шектен тыс төмен деңгейде болатын. Ақбөкендерді қорғау бойынша қабылданған шаралардың арқасында оның саны 2003 жылы 24 мыңнан 2022 жылы 1,3 млн басқа дейін артты", – делінген хабарламада. 


Оқи отырыңыз: Киіктердің санын анықтау мақсатында 200 сағат әуе санағы жүргізіледі 


Қазақстандағы БҰҰДБ жобаларының және басқа серіктестердің қолдауымен жұмыла жасалған әрекеттер нәтижесінде 5 млн гектардан астам құнды далалы және шөлейтті экожүйелер ерекше қорғалатын табиғи аумақтарға айналды.

"Ақбөкеннің оралуы – табиғатты қорғау жолындағы әлем тарихының ең үздік жетістіктерінің бірі. Бұл күйзелген экожүйелерді қалпына келтіруді қолға алған адамзаттың батыл шаралары мен іс-әрекетінің жарқын үлгісі", – деді БҰҰ қоршаған ортаны қорғау бағдарламасының атқарушы директоры Ингер Андерсен.