Қазақстанда МӘМС бойынша 52 мың жалған қызмет көрсетілген. Бұл туралы премьер-министрдің орынбасары Алтай Көлгінов үкімет кулуарында айтты.

"МӘМС бойынша үкіметте тиісті жұмыс жүріп жатыр. Үкімет басшысының дәрежесінде жиналыс өтті. МӘМС-ке жаңа басшылық келді. Бір айдың ішінде жасалған жұмыстың нәтижесінде көптеген кемшілікті көріп отырмыз. Оның бәрін дұрыстап пысықтап, халыққа жеткіземіз", – деді Алтай Көлгінов.


Оқи отырыңыз: МӘМС мифтері. Денсаулық сақтау жүйесі туралы не білуіңіз керек?


Алтай Көлгінов басты кемшілік ретінде МӘМС жүйесінде ашықтықтың болмауын атады.

"Кемшіліктердің біріншісі – ашықтық жоқ, цифрландыру жұмыстары жүргізілмеген. Мысалы, кей медициналық ұйымдар бір қызмет көрсеткен болса, қосымша бірнеше қызметті жазып отырғанын байқадық. Одан бөлек азаматтардың шағымына сүйенсек, емханаға жүгінбеген адамдарға "сіз медициналық қызмет алдыңыз" деген хабарлама келетін болған. Қазіргі уақытта осындай 52 мың жалған медициналық қызмет көрсету туралы фактіні анықтадық. Бұл тек бастамасы ғана", – деді премьер-министрдің орынбасары.

Сонымен қатар Алтай Көлгінов МӘМС бойынша азаматтардың ай сайын төлейтін жарнасы, бюджет қаражаты қайда кетіп жатқаны туралы ақпарат жоқ, статистика да нақты емес екенін айтты. Сол себепті нақты жұмыстар қолға алынатынын жеткізді.