Қазақстанның бірнеше өңірінде ауа райының күрт нашарлауына байланысты республикалық маңызы бар бірқатар автожолдарда қозғалыс шектелді. Бұл туралы "ҚазАвтоЖол" ұлттық компаниясының баспасөз қызметі хабарлады.

2026 жылғы 12 қаңтар күні сағат 15:30-дан бастап Павлодар, Қарағанды, Ақмола және Абай облыстарындағы бірқатар учаскелерде көліктің барлық түріне қозғалыс уақытша тоқтатылды.

Павлодар облысында "Қызылорда — Жезқазған — Қарағанды — Шідерті", "Қалқаман — Баянауыл — Үміткер — Ботақара" және "Астана — Шідерті — Павлодар — Успенка — РФ шекарасы" бағыттарындағы бірнеше учаске жабылды.

Қарағанды облысында осы жолдардың Павлодар облысымен шектесетін аумақтарында қозғалыс шектелді.

Ақмола облысында Астана мен Павлодар облысының шекарасы аралығындағы учаске уақытша жабылды.

Сондай-ақ Павлодар мен Абай облыстары арасындағы "ҚХР шекарасы — Майқапшағай — Зайсан — Семей — Павлодар — РФ шекарасы" автожолының бөлігінде де көлік қозғалысы тоқтатылды.

Жабылған жолдарды 12 қаңтар күні сағат 20:00-де қайта ашу жоспарланып отыр.