Боран мен көктайғақ: Қазақстанның бірнеше өңірінде көлік қозғалысына шектеу енгізілді

Фото Depositphotos.com
Фото Depositphotos.com
Абай облысына баратын жолдарда қозғалыс тоқтатылды.

Қазақстанның бірнеше өңірінде ауа райының күрт нашарлауына байланысты республикалық маңызы бар бірқатар автожолдарда қозғалыс шектелді. Бұл туралы "ҚазАвтоЖол" ұлттық компаниясының баспасөз қызметі хабарлады.

2026 жылғы 12 қаңтар күні сағат 15:30-дан бастап Павлодар, Қарағанды, Ақмола және Абай облыстарындағы бірқатар учаскелерде көліктің барлық түріне қозғалыс уақытша тоқтатылды.

Павлодар облысында "Қызылорда — Жезқазған — Қарағанды — Шідерті", "Қалқаман — Баянауыл — Үміткер — Ботақара" және "Астана — Шідерті — Павлодар — Успенка — РФ шекарасы" бағыттарындағы бірнеше учаске жабылды.

Қарағанды облысында осы жолдардың Павлодар облысымен шектесетін аумақтарында қозғалыс шектелді.

Ақмола облысында Астана мен Павлодар облысының шекарасы аралығындағы учаске уақытша жабылды.

Сондай-ақ Павлодар мен Абай облыстары арасындағы "ҚХР шекарасы — Майқапшағай — Зайсан — Семей — Павлодар — РФ шекарасы" автожолының бөлігінде де көлік қозғалысы тоқтатылды.

Жабылған жолдарды 12 қаңтар күні сағат 20:00-де қайта ашу жоспарланып отыр.

Серіктестер жаңалықтары