Ауылдық жерлерде тұратын қазақстандықтар үшін "Болашақ" халықаралық бағдарламасына арналған квота сақталады, деп хабарлады ҚазАқпарат агенттігі Халықаралық бағдарламалар орталығына сілтеме жасап.

Ауыл тұрғындары жеңілдетілген шарттармен "Болашақ" халықаралық стипендиясын тағайындау үшін конкурстық іріктеуге қатыса алады. Ережеге сәйкес, халықаралық квоталық стипендияға соңғы үш жыл бойы ауылда тұрған үміткерлер ғана өтініш бере алады. Олар сондай-ақ, соңғы екі жылда ауылдық жерде жұмыс істеуі керек.

Сонымен қатар, GPA – ауылдық квота бойынша үміткерлер дипломының орташа балы 4,00-дің ішінде 2,67-ден кем болмауы қажет. Сондай-ақ мемлекеттік тілден В1 деңгейінен кем емес, шет тілі бойынша IELTS-ты 9,0 балдан кемінде 6,0 балл алғаны туралы сертификат болуы міндетті. Ауыл тұрғындары құжат тапсыру кезінде шетелдік ЖОО-ына өз бетінше түсуге міндетті емес.


Оқи отырыңыз: "Болашақ" бағдарламасына қалай түстім? Үміткерге арналған нұсқаулық


Ауылдық квота бойынша стипендиаттар тіл курстарынан өтіп, стипендия тағайындалғаннан кейін бағдарлама бойынша ұсынылған ЖОО тізімінен оқу орнын таңдай алады.

"Ауылдық квотаға түскен стипендиаттың кепілге қоятын мүлігі болмаса, бес кепілгер ұсынылуы мүмкін. Ол 50 жасқа толмаған, соңғы 12 айда тұрақты табысы бар Қазақстан Республикасының азаматы бола алады. Сонымен қатар, ауылдық квота бойынша үміткерлер үшін жұмыстан босатуға жеңілдіктер қарастырылған. Өңірлерге жұмысқа баратын түлектер үшін жұмыс мерзімі қысқартылды. Олар 5 жыл емес, 3 жыл жұмыс істеуі керек. Бұл шара өңірлерге барып, ауылда жұмыс істейтін болашақтықтардың үлесін арттырады деп сенеміз", – деді "Халықаралық бағдарламалар орталығы" АҚ басқарма төрағасы Әнуар Жанғозин.