"Болашақ" стипендиясын еңбекпен өтеу мерзімі бір жылға қысқарды
Алайда, ол үшін стипендиатта шетелдік университет, жұмыс беруші немесе ұйымнан академиялық оқуға гранты болуы керек.2023 жылдан бастап шетелдік университет, жұмыс беруші немесе ұйымнан академиялық оқуға гранты бар "Болашақ" стипендиаттарының еңбекпен өтеу мерзімі бір жылға қысқартылды. Бұл туралы халықаралық бағдарламалар орталығы хабарлады.
"Биыл "Болашақ" стипендиясы аясында үміткерлерді іріктеу қағидалары жетілдірілді. Енді конкурсқа шетелдік жоғары оқу орны немесе ұйым тарапынан академиялық оқуға гранты бар үміткерлер де қатыса алады. Мұндай түлектер үшін Астана, Алматы және Шымкент қалаларында еңбекпен өтеу мерзімі бес жылдан төрт жылға, өңірлерде – үш жылдан екі жылға қысқартылады", – дейді "Халықаралық бағдарламалар орталығы" АҚ басқарма төрағасы Әнуар Жанғозин.
Басқарма төрағасының айтуынша, "Болашақ" бағдарламасы тұру, тамақтану, медициналық сақтандыру, ұшу, визалық алымдар, оқу материалдарын сатып алу шығындарын өтейді. Бұл стипендиаттардың мүмкіндігін кеңейтіп, бюджет қаражатын айтарлықтай үнемдеуге мүмкіндік береді.
Жетекші шетелдік ЖОО-да оқуға гранты бар үміткерлер "Болашақ" бағдарламасының конкурсына қатысу үшін шетелдік университетке өтеусіз негізде қабылданғанын растайтын құжаттардың көшірмелерін ұсынуы керек. Грант бүкіл оқу кезеңі ішінде академиялық оқу ақысын өтеуге тиіс.
Еске салайық, "Болашақ" стипендиаттарының оқу ақысын еңбекпен өтеу мерзімін кейінгі шегеруге мүмкіндік беретін тізім кеңейетінін жазған едік.
Оқи отырыңыз: "Болашақ" стипендиясын еңбекпен өтеуді кейінге шегеру мүмкіндіктері артады
Енді "Болашақ" түлектері келесі жағдайларда еңбекпен өтеу мерзімін 1 жылдан аспайтын уақытқа шегере алады:
- докторантура бағдарламасы бойынша академиялық оқуды жалғастыру;
- әлемнің үздік ұйымдарының (Fortune Global 500, Forbes Global 2000, Forbes Top 100 Digital Companies) әлемдік рейтингіне кіретін ұйымдарда өндірістік тағылымдамадан өту;
- Біріккен Ұлттар Ұйымының Қазақстаннан тыс жердегі халықаралық ұйымдарында тағылымдамадан өту;
- алған мамандығы бойынша постдокторантурадан өту.