Биыл 5 мыңға жуық оқушыға жақын маңайда орналасқан мектептерде жөндеу жұмыстары аяқталғанға дейін білім алуға жағдай жасалады. Оқушылардың сапалы білім алуына ешқандай кедергі келтірілмейді, деп мәлімдеді Алматы қаласының білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің басшысы Гүлнәр Ермекбаева.

Алматы қаласының білім басқармасына қарасты 214 мемлекеттік білім беру ұйымдарына 2023-2024 оқу жылына дайындығын анықтау мақсатында мониторинг жүргізілді. Нәтижесінде мектептерінің 68 пайызында косметикалық жөндеу жұмыстары аяқталғаны, қалған мектептерде 25 тамызға дейін жалғасатын белгілі болды. Мұнымен қатар конкурстық процедураның кешігіп өткізілуіне байланысты кейбір мектептерде косметикалық жөндеу жұмыстары ұзаққа созылады. 

Жоспарға сәйкес төмендегі білім беру мекемелеріне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуі аяқталып, биылғы оқу жылына оқушыларды қабылдауға дайындық жүргізілуде: 

  • №80 жалпы білім беретін мектеп;
  • Бауыржан Момышұлы атындағы №131 Гимназия;
  • №48 мектеп-гимназия;
  • №15 мектеп-гимназия;
  • №141 жалпы білім беретін мектеп;
  • Білім инновация лицейі.

Оқи отырыңыз: Соңғы 5 жылда балабақшаға жолдама алу кезегі екі есе азайды


"Орын тапшылығын азайту мақсатында №48 мектеп-гимназияда және №148, №112, №9 мектеп-интернатында 920 орынға арналған қосымша жаңа ғимараттар салынып, іске қосылды. Сонымен қатар әлі де күрделі жөндеу жұмыстары жоспарға сәйкес жүргізіліп жатқан объектілер бар. Ол №127 және №70 жалпы білім беретін мектептер, жұмыстар ағымдағы жылдың желтоқсан айында аяқтау жоспарланған. Апатты жағдайда деп танылған №59 мектеп-гимназиясының бір оқу ғимараты, спорт зал және асхана ғимараты сүріліп, орнына 300 орынға арналған жаңа ғимарат және ескі ғимаратқа қайта жөндеу жұмыстарын өткізілуде. Сондай-ақ №9 жалпы білім беретін мектептегі жөндеу жұмыстары 2024 жылы аяқталады", – деді Гүлнәр Ермекбаева.


Оқи отырыңыз: Балаларға арналған банк карталарын қамқоршылар енді онлайн режимде аша алады


Сонымен қатар департамент жетекшісі мониторинг қорытындысы бойынша әлі де 63 білім беру ұйымына күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу қажеттілігі анықталғанын айтты. 

"Аталған білім беру ұйымдарының 5 мыңға жуық оқушысына жақын маңайда орналасқан мектептерде жөндеу жұмыстары аяқталғанға дейін білім алуға жағдай жасалды. Оқушылардың сапалы білім алуына ешқандай кедергі келтірілмейді. Ал №97 және №154 жалпы білім беретін мектеп ғимараттарына күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізілуіне жарамсыз болғандықтан, сүріліп, орнына "Жайлы мектеп" жобасының негізінде жаңа ғимарат салу жұмыстары жоспарланды", – деді департамент өкілі.