Биыл Алматы облысын газбен қамтамасыз етуге 4,2 млрд теңге бөлінді
Қазір осы сомаға 23 жоба іске асырылып жатыр.Алматы облысында су құбырларының 53,5 пайызы, газ желілерінің 20 пайызы тозған. Облыс әкімдігінің баспасөз қызметінің мәліметінше, 373 елдімекенді газ және сумен қамтамасыз етуге қанша қаражат бөлінгенін және қандай жобалар жүзеге асып жатқанын айтты.
"Облыста барлығы 373 елдімекен болса, солардың 93,3 пайызында орталықтан келетін су бар. Қалғандарының ішінде жиырма үш елдімекеннің суы орталықтандырылмаған, сондай-ақ екі ауыл арнайы әкелінетін суды ішіп отыр. Бұл Жамбыл ауданында орналасқан Бозой мен Іле ауданындағы Құрты ауылдары. Өңірдегі су құбырының жалпы ұзындығы бес мың жүз жиырма сегіз шақырымды құраса, солардың 53,5 пайызы тозған", – делінген әкімдіктің баспасөз хабарламасында.
Өңірдегі тағы бір өзекті мәселелердің бірі – елдімекендерді газдандыру. Қазір газ тартуға болатын 284 елдімекеннің тең жартысы ғана газбен қамтылған.
Оқи отырыңыз: Алматы облысында бірнеше ауылдың атауы ауысты
"Облыстағы 373 елдімекеннің 284-іне ғана газ қосуға болады. Солардың ішінде 142 елді мекен газбен қамтылды. Оларда 1,1 миллионнан астам адам тұрады. Осылайша, облыстағы газ тартуға болатын үйлердің 50 пайызы ғана газбен қамтылған. Сондықтан, биыл газ мәселесін реттеуге 4,2 миллиард теңге бөлінді. Осы сомаға 23 жоба жүзеге асырылып жатыр", – делінген әкімдіктің баспасөз хабарламасында.
Алматы облысындағы бес аудан мен Қонаев қаласы орталықтандырылған жылыту жүйесіне қосылған. Барлық 373 елді мекеннің он екісінде немесе 3,2 пайызында орталықтандырылған жылу бар. Ал жылу желілерінің жалпы ұзындығы 173 шақырымды құрайды.
Былтыр жалпы өңірлік өнім көлемі 4 974,9 миллиард теңгені құрады, өсім – 2,4 пайыз. Осылайша, облыс Қазақстан бойынша бесінші орында тұр. Өткен жылдардағы көрсеткіштер:
- 2021 жылы – 3,4 триллион теңге, Қазақстан бойынша 10-шы орын;
- 2022 жылы – 4,3 триллион теңге, Қазақстан бойынша 9-шы орын.
2024 жылдың қаңтар-сәуір айларында қысқа мерзімді экономикалық индикатор 107,9 пайызды құрады. Бұл көрсеткіш бойынша облыс Қазақстанда 5-ші орында тұр.
"Жалпы алғанда 2023 жылы бөлінген даму трансферттерінің көлемі 53,2 миллиард теңгені құрап, Қазақстан бойынша 6-орында болды. Бұл республикалық бюджеттен бөлінетін қаражаттың жалпы көлемінің 4,4 пайызы. ЖӨӨ-нің өсуі жеке инвестицияларды тарту есебінен қамтамасыз етілгенін көруге болады. 2022 жылы 62,5 миллиард теңгені құраған еді. Осының барлығы экономиканың негізгі салаларында оң серпінді сақтауға мүмкіндік берді", – делінген әкімдік хабарламасында.
Оқи отырыңыз: Алматы облысында биыл 66 мың жаңа жұмыс орны құрылады. Жұмыс іздегендерге қандай жеңілдіктер бар
Сондай-ақ әкімдіктегілердің мәліметінше, өнеркәсіпте 726,3 млрд теңгеге өнім өндірілді, өсім – 103,3% (ҚР-да 9-шы орын), оның ішінде өңдеу өнеркәсібі – 642,9 млрд теңге, өсім – 101,6% (Қазақстан бойынша 13-шы орын). Осылайша өңдеу саласының үлесі өнеркәсіптің жалпы көлемінен 88,5% (Қазақстан бойынша 1-ші орын) құраған.