Нұр-Сұлтанда президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалымен Үкіметтің кеңейтілген отырысы өтіп жатыр. Отырыста баяндама жасаған үкімет басшысы Әлихан Смайылов білім беру саласындағы биылғы жоспарларды да атап өтті. Оның сөзінше, биыл мектепке дейінгі ұйымдар қосымша ең кемі 30 мың жаңа орынмен қамтамасыз етіледі және 225 орта мектеп ашылады. 

"Кадр тапшылығы бар өңірлерге үздік педагогтерді тарту үшін тиісті жағдайлар жасалатын болады. Жастарға үздік жоғары оқу орындарында білім алу қолжетімді болуы үшін беделді шетелдік 5 университеттің филиалдары ашылады", – деді премьер-министр.


Оқи отырыңыз: Аймағамбетов: Мектеп салуда емес, салынатын мың мектепке 150 мың педагог дайындауда мәселе бар


Мұнымен қатар, Әлихан Смайылов инженерлерді даярлауға арналған техникалық мамандықтардың гранттарының үлесі 40-тан 60 пайызға дейін ұлғайтылатынын айтты. Бұдан өзге халық тығыз орналасқан өңірлердің жастарына қосымша мақсатты гранттар бөлінбек.

"Арнайы IT білім беру бағдарламалары шеңберінде кемінде 10 мың жас маман дайындалатын болады. Сондай-ақ,  студенттерге жатақханалардан жаңадан 10 мың орын беріледі", – деді Әлихан Смайылов. 

Еске салсақ, қазақстандық 2 мың қыздың наноспутник құрастыруды үйренетіні туралы хабарлаған едік. Онлайн курс аптасына 2 рет болып, 17 наурызға дейін жалғасады.