Бішкекте тұрғындардың күндіз үйінен қоқыс шығаруына тыйым салынды
Бішкек қалалық кеңесі қала тұрғындарының күндізгі уақытта үйінен қоқыс шығаруына тыйым салатын қаулыны қабылдады. Оның жаңа мәтініне сәйкес, Бішкек тұрғындарына қатты тұрмыстық қалдықты үйінен шығаруға тек сағат 18:00-ден 24:00-ге дейін рұқсат етіледі.
"59-тармақтың 1-тармақшасына сәйкес, қатты тұрмыстық қалдықтарды шығару тек сағат 18:00-ден 24:00-ге дейін рұқсат етіледі. Барлық жеке және заңды тұлғалар, соның ішінде жеке тұрғын үй иелері мен көпқабатты тұрғын үйлердің тұрғындары осы талапты сақтауға міндетті. 67-тармаққа сәйкес, қоқысты (күл, ағаш бұтақтары, құрғақ шөп және т.б.) контейнер алаңдарына және олардың маңайына тастауға және жинауға тыйым салынады", – делінген қала мэриясының ресми хабарламасында.
Сондай-ақ, жаңа талаптарға сәйкес, таңғы 7.00 мен 10.00 аралығында қала ішінде жүк көліктерінің жүруіне тыйым салынған. Бұл талаптың азық-түлік, медициналық тауарлар таситын көліктерге, арнайы қызмет транспортына қатысы жоқ.