Бірлік күніне орай Алматыда жүздеген іс-шара ұйымдастырылады
Алматыда 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні кең көлемде аталып өтеді. Қала тұрғындары мен қонақтарына арналған ондаған мәдени, спорттық және ойын-сауық іс-шаралары жоспарланған.
Әкімдіктің мәліметінше, мерекенің басты оқиғасы – 1 мамыр күні сағат 11:00-де Абай алаңында өтетін "Бірлігі жарасқан Алматы" достық фестивалі. Онда танымал эстрада жұлдыздары мен шығармашылық ұжымдар өнер көрсетеді. Кешкі уақытта дәл осы алаңда Dostyk Fest концерті ұйымдастырылып, мерекелік бағдарлама жалғасады.
"Сонымен қатар, Абай алаңында гастрономиялық жәрмеңке өтсе, 2 мамыр күні "Отбасы Fest" отбасылық фестивалі ұйымдастырылады. Оның аясында жылжымайтын мүлік жәрмеңкесі мен концерттік бағдарлама қарастырылған. Мереке күндері қаладағы музейлер, кітапханалар, театрлар мен жастар орталықтарында да түрлі көрмелер, концерттер, әдеби-сазды кештер мен танымдық шаралар өтеді. Атап айтқанда, интерактивті квесттер, ұлттық мәдениетке арналған кездесулер және қайырымдылық спектакльдер жоспарланған. Бұдан бөлек, Алматының барлық ауданында мерекелік концерттер, ұлттық тағамдар жәрмеңкелері, спорттық жарыстар мен мәдени бағдарламалар ұйымдастырылады. Мәселен, Family Park, Тұңғыш Президент саябағы және Сайран көлі маңында ауқымды іс-шаралар өтеді", – делінген хабарламада.
Сондай-ақ, тұрғындар үшін ерекше форматтағы "Бірлік жүгіруі" неон-жүгіру шарасы да жоспарланған.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, мерекелік бағдарлама достық, ынтымақ пен мәдени әртүрлілікті дәріптеуге бағытталған.