Біреуі – әскери қызметкер: Қырғызстанда Күдебаевтың қашуына қатысы бар төрт күдікті ұсталды
Олар Бішкектің тергеу изоляторына қамалды.Қырғызстанның әскери прокуратурасы қазақстандық генерал Серік Күдебаевты шекарадан заңсыз өткізу фактісі бойынша қылмыстық іс қозғап, 4 күдіктіні ұстады. Бұл туралы 24.kg ақпарат агенттігі хабарлады.
Ақпарат агенттігінің хабарлауынша, Алматы облысы полиция департаментінің бұрынғы басшысы Қазақстан-Қырғызстан шекарасын заңсыз кесіп өткен.
"Серік Күдебаев Түркияға "Манас" әуежайы арқылы ұшып кетті. Әскери прокуратура заңсыз көші-қон фактісі бойынша қылмыстық іс қозғады. Қазір бұл іс бойынша төрт адам айыпталуда. Олар Бішкектің тергеу изоляторына қамалды. Алдын ала ақпарат бойынша, қатысушылардың бірі – әскери қызметкер, қалғаны – қарапайым тұрғындар", – деп жазды қырғызстандық БАҚ.
Айта кетейік, Серік Күдебаевтың үстінен екі қылмыстық іс қозғалған еді. Қаңтар оқиғаларынан кейін сотталған генерал елден қашып кетті. Кейін ұсталып, сот 10 жылға бас бостандығынан айырды.