Күнделікті ішіп жүрген түрлі сусынның пластикалық бөтелкесінен пайда таба аласыз. Елде пластик бөтелкелерді сатып алатын фандоматтар орнатылмақ, деп хабарлайды 31 арнаның "Информбюро" ақпараттық бағдарламасы.

Дәурен Молдабаевтың күнделікті тұтынған ассудан шыққан қалдықты сұрыптап, жинап жүргеніне жарты жыл болған. Ол бұл әдетті жұбайынан үйренген. Айтуынша, түрлі картон қорап, пластик ыдыстарды көлігінің артына ерінбей жинап, аптасына бір рет экостанцияға алып келеді. Кейін осы қоқысты қабылдайтын орталықтан арнайы бонус алады. Десе де, азамат қалдықтарды таза қалада өмір сүру үшін сұрыптайтынын бөлісті.

"Біз осы әдетімізбен өзіміз өмір сүретін қоршаған ортаны таза ұстауға, кейбір қоқыс түріне екінші өмір беруге үлес қосамыз. Яғни өзімізден қалған пластик бос бөтелке, қағаз-картондарды сұрыптап жәшіктерге салып әкелеміз. Ол қоқыс қайта өңделіп, ары қарай кәдеге жарайды", – деді тұрғын Дәурен Молдабаев.

Мұндай сұрыпталған қоқыстарды қабылдайтын орындар әзірге мегаполистерде ғана кездеседі. Қалдықтарды сұрыптау компаниясының мамандары эко станция көптен бері пайда болса да, халықтың қоқыс сұрыптау мәдениеті енді ғана қалыптасып келе жатқанын айтады. Олар сұрыпталған қоқыс үшін тұрғындарға түрлі ынталандыру бонустарын береді. Ал ол бонусты пайдалы заттарға алмастыруға болады.


Оқи отырыңыз: "Қоқыс терген ана": Қаңтар оқиғасынан кейін көмек сұрайтын көпбалалы аналар саны артты


"Біз демалыссыз жұмыс істейміз. Өйткені, адамдардың көбі қоқысты сұрыптап салуға тек демалыс күні ғана келеді. Осы күндері бір тоннадай қалдық жиналады. Ал жұмыс күндері 500 кг жиналады. Қоқыс ішінде макулатура мен пластик жиі кездеседі", – деді "Экостен" қалдықтарды сұрыптау компаниясының өкілі Арыстан Балтабай.

Енді елде сұрыптау қоқыс жәшігінен бөлек, пластикалық бөтелкелерді қабылдайтын фандоматтар пайда болмақ. Әзірге бұл ірі қалалар тұрғындары үшін ғана қолжетімді болады.

Қалдықтарды қайта өңдеуші компания мыңға дейін атвомат сатып алып, халық көп жиналатын жерлерге орнатуды жоспарлап отыр. Бірақ әкімдіктер қолдаса, фандоматтар саны бұдан да көбейе түспек. Фандомат әр пластик бөтелке үшін 3-5 теңге беретін болады.


Оқи отырыңыз: Швецияға қоқыс шығар