Бір акушерге – 5 әйелден. Елде босанатын аналарға қарайтын мамандар жетіспей жатыр
Дамыған мемлекеттерде бір акушерге бір әйелден келеді.Елімізде босанатын әйелдерге қадағалау жүргізетін мамандар жетіспейді. Тіпті жалғыз акушерге бес жүкті әйелден келеді. Осының салдарынан ана мен бала өлімі де азаймай тұр. Ал денсаулық сақтау министрлігі ана мен бала өмірінің қауіпсіздігі үшін "Бірге босанамыз" жобасын әзірлеп, халыққа ұсынды, деп хабарлайды 31 арнаның "Информбюро" ақпараттық бағдарламасы.
"Бұйырса босануға серігіммен бірге кіремін. Себебі акушер барлығына үлгермейді", – деді Талдықорған қаласының тұрғыны Бақжан Мұқан.
Жетісу облыстық перзентханасының бас дәрігері бір акушерге кемінде үш босанатын әйелді қадағалау жүктелгенін мойындап отыр. Бірақ бұл маман жетіспейді деген сөз емес, талап сондай, дейді. Күніне кемінде 18-ден отызға дейін жүкті әйелді босандырамыз деген директор акушерден гөрі дәрігерлерге мұқтаж екен.
Оқи отырыңыз: Босанған әйелді сәбиімен бірге емделуге шипажайға жатқызатын "Ана мен бала" орталығы құрылады
"Анестезиолог-реанимотолог дәрігерлер жетіспей жатыр", – деді Жетісу облыстық перинаталдық орталықтың директоры Қанат Жұмашев.
Ал денсаулық сақтау министрлігіндегілер елде бір акушерге 5 анадан келетінін айтады. Сол себепті босану кезінде әйелдерге сапалы әрі үздіксіз медициналық көмек көрсететін маман жетіспей жатыр. Осы себепке байланысты аналар тарапынан шағым көбейген. Енді министрлік "Бірге босанамыз" жобасын әзірлеп, екі жүкті әйелге бір акушер берілетіндей жағдай жасауды жоспарлап отыр.
Оқи отырыңыз: "Отбасы жұптарының денсаулық құжаты" жобасы. Қазақстанда ұл-қыздар некелескенге дейін міндетті тексеруден өтеді
"Халықаралық стандарттарға сәйкес, дамыған мемлекеттерде бір босанатын әйелді бір акушер маман бақылайды. Бүгінгі таңда кей өңірде бір акушер 5 босанатын әйелге қарайды", – деді ҚР денсаулық сақтау министрлігі аналар денсаулығын сақтау басқармасының басшысы Шахизат Халықова.
Яғни, жобаның басты мақсаты – ана мен бала денсаулығын сақтау қызметін дамыту. Қазір "Бірге босанамыз" жобасы министрліктің сайтында қоғамның талқылауына ұсынылған.