Берік Асылов: Мемлекеттік төңкеріс жасауға дайындық бір жыл бойы жүргізілген
Мемлекеттік төңкерісті ұйымдастыруға қатысқан 18 адам ұсталды.Бас прокурор Берік Асылов Қаңтарда мемлекеттік төңкеріс әрекетін ұйымдастырған қылмыскерлердің бір жыл бойы дайындалғанын мәлімдеді. Айтуынша, төңкерісті ұйымдастырушылар арасында қылмыстық топ мүшелері, ДВК жақтаушылары, діни экстремистер бар.
"Мемлекеттік төңкеріске қатысты сұрақтар күрделі әрі оңай емес. Мемлекеттік төңкеріс жасауға оқталу болды, мұны тергеу кезінде әбден зерделедік. Қазір барлығын тексеріп, қарастырып жатырмыз. Төңкеріске бір жыл бұрын дайындалып, барлығын алдын ала жоспарлаған. Ішінде қылмыстық топ мүшелері, діни экстремистер, бұрын сотталғандар, ДВК жақтаушылары бар", – деді Берік Асылов.
Оқи отырыңыз: Бас прокурор: ҰҚК департаменттері жұмыс орнын Мәсімовтің тапсырмасы бойынша тастап кеткен
Мұнымен қатар, бас прокурор 8 қалада 71 ғимараттың қирағанына тоқталды. Сондай-ақ, ол осы тәртіпсіздіктерді ұйымдастыруға қатысқан 18 адамның ұсталғанын мәлімдеді.
"Мемлекетке опасыздық жасау мен билікті басып алуға оқталу бойынша ҰҚК бұрынғы төрағасы мен орынбасарларына қатысты қылмыстық іс қозғалды. Қазір іс сотқа жолданып, оны "аса құпия" тәртібінде қарап жатыр. Осы күнге дейін жаппай тәртіпсіздікті ұйымдастырған 18 адам ұсталды. Оның ішінде Жұмагелдиевтің айрықша рөлі болды. Осының бәріне басшылары мұрындық болды деп толық айта аламын", – деді Берік Асылов.