Бас прокурор: ҰҚК департаменттері жұмыс орнын Мәсімовтің тапсырмасы бойынша тастап кеткен

Сондай-ақ, басшылықтың нұсқауы бойынша Алматы және Жамбыл облыстарының полиция департаменттері өз ғимараттарын қараусыз қалдырған.

Қаңтар оқиғасы кезінде шын мәнінде мемлекеттік төңкеріс жасауға әрекет жасалды, деп мәлімдеді бас прокурор Берік Асылов Мәжіліс отырысында жасаған баяндамасында.

"Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы басшыларына қатысты мемлекетке опасыздық жасау және басқа да аса ауыр қылмыстар туралы іс "аса құпия" режимінде тергелді. Материалдарды жариялауға шектеу қойылған, өйткені оларда мемлекеттік құпиялар бар", – деді Берік Асылов.


Оқи отырыңыз: Бас прокурор Қаңтар оқиғасы кезінде қайтыс болғандар санын растады


Бса прокурор істе сыртқы саяси, қарсы барлау және жедел-іздестіру қызметіне қатысты мәліметтер бар екенін айтып, оларды жариялау ұлттық қауіпсіздік мүдделеріне нұқсан келтіруі мүмкін екенін ескертті. Айтуынша, қазір қылмыстық іс сотта қаралып жатыр.

"ҰҚК-нің бұрынғы төрағасы Мәсімов пен оның бұрынғы орынбасары Садықұлов: мемлекетке опасыздық жасау, билікті күштеп басып алуға бағытталған әрекеттер, лауазымдық өкiлеттiктерді асыра пайдалану бойынша сотқа берілді", – деді Берік Асылов.

Сонымен қатар Бас прокурор тағы бір бұрынғы орынбасары Ерғожиннің билікті күштеп басып алуға бағытталған әрекеттер, лауазымдық өкiлеттiктерді асыра пайдалану бойынша айыпталғанын атап өтті. Сондай-ақ, бұрынғы орынбасары Осиповке және ҰҚК бөлімшелерінің басқа басшыларына  өкiлеттiктерді асыра пайдалану тағылған.


Оқи отырыңыз: Бас прокурор: Қаңтар оқиғасы кезінде "Дикий Арман" ҰҚК пәрменімен әрекет еткен


Бас прокурордың айтуынша, орындаушылардың қатарында ұйымдасқан қылмыстық топтар болған. Олар адамдарды жинап, қаруландырған, рация және көлік сатып алған. Тергеу анықтағандай, осы бүлдіргі әрекеттердің басында күш құрылымдарының жекелеген өкілдері тұрған.

"Жаппай тәртіпсіздіктер шегіне жеткен кезде Алматы қаласы, Алматы облысы мен Қызылорда облысының Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаменттерінің жеке құрамының барлығы өз ғимараттарын тастап кеткен. Тергеу мәліметі бойынша, 5 қаңтарда жеке құрамды ғимараттан кетуге дайын болу қажеттілігі туралы Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары Садықұловтың нұсқауы келіп түскен. Мәсімовтің тапсырмасы бойынша Алматы қаласы мен Қызылорда облысының Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаменттерінің жеке құрамы жұмыс орындарын тастап кеткен. Сондай-ақ басшылықтың нұсқауы бойынша Алматы және Жамбыл облыстарының полиция департаменттері өз ғимараттарын тастап кеткен", – деді бас прокурор.

Жаңалықты жарнамасыз оқыңыз. iOS және Android жүйесіне арналған informburo.kz мобильді қосымшасын жүктеңіз.

Тарату:

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Біздің Telegram-каналдағы ең көп оқылған жаңалықтар

Серіктестер жаңалықтары