Бектенов құқық бұзушылықтың алдын алу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысын өткізді
Премьер-министр Олжас Бектенов ҚР Үкіметі жанындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысын өткізді, деп хабарлайды Үкіметтің баспасөз қызметі.
Жиынға ішкі істер министрі Ержан Сәденов, денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова, оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев, мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, сонымен қатар облыстар мен Астана, Алматы, Шымкент қалаларының әкімдері, бас прокуратура, ҰҚК және қаржы мониторингі агенттігі өкілдері қатысты.
Отырыста есірткі қылмысына, маскүнемдікке қарсы күрес жөніндегі шаралар және отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстардың тиімділігі жөнінде мәселелер қаралды.
Ішкі істер министрі Ержан Сәденов жарты жыл ішінде 6,4 тонна есірткі тәркіленгенін, 17 мыңнан астам есірткі сайты бұғатталғанын, 474 есірткі қылмыскері, оның ішінде 28 Telegram-канал әкімшілері ұсталғанын баяндады. Ұйымдасқан қылмыстық топтарға қатысты 21 қылмыстық іс қозғалды, олардың үшеуі трансұлттық деңгейдегі топтар. Есірткіге қарсы 11 мыңнан астам іс-шара өткізілді. Сонымен қатар есепті кезеңде қоғамдық орындарда ішімдік ішудің 107 мың фактісі және алкоголь айналымы саласындағы 7 мың заң бұзушылықтың жолы кесілді. 11 мың адамға спирттік ішімдіктерді пайдалануға тыйым салынды.
Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова айтқан мәліметтерге сәйкес, бүгінде диспансерлік есепте есірткіге тәуелділігі бар 17 мыңнан астам адам тұр. Кейінгі бес жылда опиоидқа тәуелділер саны 1,5 есе азайған, керісінше синтетикалық стимуляторларға және есірткіні аралас қолдануға тәуелді боп қалған пациенттер саны артқан. 2024 жылдың соңынан бастап тәуелділік синдромы жоқ, бірақ есірткіні өзіне зиянды түрде тұтынатын адамдарға консультациялық бақылау енгізілді. Онымен бүгінде 3 мыңға жуық адам қамтылды.
Премьер-министр құқық қорғау органдарының қанша күш салып жатқанына қарамастан, нашақорлық мәселесі, әсіресе жастар арасында сақталып отырғанын атап өтті.
"Ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев "Заң мен тәртіп" қағидатын мемлекет пен қоғам қызметінің негізгі постулаттарының бірі ретінде айқындап берді. Сондықтан да мемлекеттік органдар, соның ішінде құқық қорғау органдары Мемлекет басшысының осы нұсқауы сөзсіз орындалуын бірінші кезекте қамтамасыз етуі міндетті. Бүкіл қоғамды алаңдатып отырған қауіпті тенденция – жастар арасында нашақорлықтың таралуы. Өкінішке қарай, ол күннен күнге белең алып барады. Жағдай оны таратудың жаңа әдістерімен шиеленісе түсуде, олар – интернет арқылы, пошта арқылы, "жасырып кету", иесі белгісіз электронды төлемдер. Мұның барлығы "наркодиллер-өткізуші-тұтынушы" үштігінде физикалық байланыстың болмауына әкеліп отыр. Сол себепті де қазір таратушыларды ұстау әлдеқайда қиын", – деп атап өтті Олжас Бектенов.
Оқи отырыңыз: Олжас Бектенов көші-қон саясатын жетілдіруге қатысты министрлерге бірнеше міндет жүктеді
Премьер-министр есірткі сайттары мен соған ұқсас хабарландыруларды анықтау және бұғаттау тетіктерін жетілдіре түсу жөнінде шаралар қабылдауды, есірткі айналымына байланысты ақша аударымдарын бұғаттау мәселелерін пысықтауды тапсырды.
Олжас Бектенов есірткінің таралуының салдарымен ғана емес, негізгі себептерімен де күресуге бағытталған жаңа есірткі саясатын әзірлеуді тапсырды.
"Мемлекет басшысы айқындаған "Заң мен тәртіп" қағидаты қоғамда қандай да бір зорлық-зомбылыққа, қол сұғушылыққа жол берілмейтінін білдіреді. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша біз заңнаманы күшейттік. Әйелдер мен балаларға қатысты құқыққа қайшы әрекеттер үшін жауапкершілікті қатаңдаттық", – деп атап өтті Олжас Бектенов.
Отырыс соңында премьер-министр жергілікті атқарушы органдарға рақымшылыққа іліккен азаматтарды кешенді бейімдеуді, сүйемелдеуді және тұрмыстық зорлық-зомбылықты қоса алғанда, рецидивтердің алдын алуды қамтамасыз етуді тапсырды.