Премьер-министр Олжас Бектенов Respublica партиясы фракциясынан мәжіліс депутаты Екатерина Смолякова көтерген мәселеге ресми жауап берді. Қабылданған шешімдер туралы депутат өзінің Instagram парақшасында бөлісті.

Екатерина Смолякованың айтуынша, мектептегі тамақтану мәселесі кездейсоқ көтерілген жоқ. Депутаттық сауалдың негізінде ата-аналардан, кәсіпкерлерден және мектеп асханаларының қызметкерлерінен түскен көптеген өтініштер жатыр. Олар күнделікті тамақ сапасы мен оны қаржыландыруға қатысты мәселелерге тап болып отыр.

Үкіметтің ресми жауабына сәйкес, бүгінде елімізде шамамен 4 миллион оқушы мектептегі ыстық тамақпен қамтылған. Осы бағытта бюджеттен 192 млрд теңге бөлініп, білім беру ұйымдарында жаңартылған тамақтану стандарттары енгізілген. Жаңа талаптарда балалар рационында ет, сүт өнімдері, көкөністер мен жеміс-жидектердің болуы қарастырылған.

Сонымен қатар, мектептегі тамақтанудың сапасын бақылау күшейтілді. Атап айтқанда:

  • азық-түлік өнімдеріне жүргізілетін зертханалық тексерулер кеңейтілді;
  • оның ішінде импорттық өнімдер бойынша да бірқатар заңбұзушылықтар анықталды;
  • мектеп асханаларына проактивті мониторинг енгізілді;
  • алдын ала ескертусіз кенеттен тексеру жүргізу тетігі бекітілді.
  • Үкіметтің мәліметінше, бұл шаралар қазірдің өзінде іске қосылып, мектептегі тамақтың қауіпсіздігі мен сапасын арттыруға бағытталған.

Сонымен бірге, депутаттық сауалда қаржыландыру мәселесінің әлі де өзекті екені атап өтілген. Бір балаға күніне 484-750 теңге деңгейіндегі қаржыландыру жағдайында стандарттар сақталғанның өзінде тамақ сапасына қатысты тәуекелдер сақталып отыр. Бұл мәселе ескерілді және теңгерімді шешімдерді іздеу жұмысы жалғасатын болады.

"Мектептегі тамақтану тақырыбы Үкімет деңгейінде назардан тыс қалмағаны маңызды. Бұл түпкілікті шешім емес, бірақ нақты әрекеттерге ұласатын жауап", – деді Екатерина Смолякова.

Оның айтуынша, мектептегі тамақтану – формальдылық немесе есеп үшін жасалатын көрсеткіш емес, бұл – балалардың денсаулығы үшін мемлекеттің күнделікті жауапкершілігі. Жүйені жетілдіру жұмысы алдағы уақытта да жалғасын табады.