Шыңжаңның Алтай аймағынан келген қазақ Ерзат Мәжитұлы жайлы "Онлайн халық газеті" басылымы жазды. Ерзат Мәжитұлы биыл Бейжіңде қысқы Олимпиаданың тау шаңғысы спортына қызмет көрсететін отандық техникалық маман болып қызмет етеді.

Күн сайын таңғы сағат 4:00-де басқалар шырт ұйқыда жатқанда орнынан тұрып, әрлі-берлі сырғанап, шаңғы алаңын тегістейді. Бұл өте мұқият болуды қажет ететін жұмыс. Өйткені, тау шаңғысы жарысына қатысатын спортшылардың қозғалу жылдамдығы сағатына 150 шақырымға дейін жетеді. Жарыс кезінде олар бірнеше рет бұрылып сырғанайды, сондықтан жарыс аса қауіпті саналады. Спортшылардың жарысты сәтті аяқтауы үшін жолдың тегістігі өте маңызды.

Ерзат Мәжитұлының өзі де – шебер шаңғышы. Оның 11 жасынан бастап әкесіне ілесіп шаңғы тепкен уақыттан бері табаны күректей 40 жылдың жүзі болыпты. Ерзат Мәжитұлы 1999 жылы өткен XIX Ұлттық қысқы ойындарына тау шаңғысының слаломынан ерлер арасында 1:36.40 нәтиже көрсеткішімен чемпион атанған. Ұлттық қысқы ойындарға бес рет қатысып, зейнеткерлікке шыққан соң, Алтай өңірінде тау шаңғысының жаттықтырушысы болып жұмыс істеп келеді.

Басылымның жазуынша, оның арманы Олимпиадаға қатысу болған екен, алайда бұл тілегі орындалмапты. Ерзат сол арманына техникалық қызметкер ретінде қатысып жетіп отыр.


Оқи отырыңыз: Бейжің Олимпиадасында бақ сынайтын 34 спортшы ішінде кімдерден жүлде күтеміз?