"Beeline Қазақстан" компаниясы абоненттерге ТЖ режимі кезінде интернет-қызметтерді шектегені үшін өтемақы береді, деп хабарлайды компанияның баспасөз қызметі.

5 Гб көлеміндегі өтемақыны алу үшін абоненттер 2022 жылдың 31 қаңтарына дейін *2022# пәрменін теруі қажет. Ал трафикті 1 наурызға дейін пайдалана алады.

Егер абонент лимитсіз тарифке қосылған болса, онда 18 қаңтарға дейін нөміріне төлемнің 20%-ы көлемінде өтемақы түседі. 


Оқи отырыңыз: Төтенше жағдай кезінде зардап шеккендер сақтандыру төлемін қалай алады?


"Сондай-ақ, қаңтар айының 10-на дейін "үйдегі интернет" қызметін төлеген, бірақ елдегі ТЖ режиміне байланысты интернетті 5-10 қаңтар аралығында пайдалана алмаған Beeline абоненттері өтемақы алады. "Үйдегі интернет" логиндерінің шотына тарифтік жоспарға сәйкес абоненттік төлемнің 20%-ы түседі – бұл алты күндік қызмет құнына тең", – деп атап өтті компания.

Қаражаттың түсуін *799# пәрмені бойынша немесе "Менің Beeline" қосымшасында тексеруге болады. Абоненттер қосымшада "үйдегі интернет" логині бойынша авторизациялана алады.

Бұдан өзге, төтенше жағдай кезінде "сенімді төлем" қызметін пайдаланған абоненттер қызмет үшін комиссияны қаңтар айында қайтарады.