Баталов Пенжімдегі оқиға туралы: Баланың жағдайы жақсарып, екі отбасы бір-бірін кешірді
Облыс әкімі Пенжімде қоғамдық тәртіпті бұзған азаматтардың жазаланатынын айтты.Алматы облысының әкімі Амандық Баталов Пенжімде болған оқушылар арасындағы төбелесте ауыр жарақат алған баланың жағдайы жақсарғанын хабарлады. Сондай-ақ, ол екі отбасының бетпе-бет кездесіп, бір-біріне кешірім бергенін айтты.
"Мен Пенжімді, оның барлық ауданын, көптеген елдімекенін жақсы білемін. Сол жерде тұратын азаматтарды танимын. Ол жерде ешқандай да ұлтаралық қақтығыс болмаған. Осылай етіп көрсетуге тырысты. Мен бірден және нақты айттым. Сол күні БАҚ өкілдері өте көп болды. Олардың барлығы мұны түсініп, біздің ұстанымымызды қолдады. Сол үшін алғыс айтқым келеді. Кей адамға мұны басқа арнаға бұрып жіберуге мүмкіндік бермеді. Балалар дәлізде келе жатып иық тіресіп қалып, кішкене төбелескен. Бірақ, шыны керек, аздап салдары болды. Қазір ауруханада жатқан бала өзін жақсы сезінеді. Тас тиген баланың атасы ауруханадан шықты. Осы екі отбасы өзара кездесіп, әңгімелесіп, бір-бірін кешірді", – деді Амандық Баталов.
Десе де, облыс әкімі қоғамдық тәртіпті бұзып, үйлердің терезесін таспен сындырған азаматтардың жазаланатынын айтты. Бүгінде олардың кім екені толық анықталып, әрекеттеріне баға берілген.
"Қоғамдық тәртіпті бұзғандар жазаланады, бұлай жасауға болмайды. Менің білуімше, қазір олар бір-бірінің бетіне қарауға ұялады. Олар сол жерде бірге туып-өсті. Пенжім үлкен ауыл. Көп қазақ ұйғыр қызына үйленіп, көптеген ұйғыр қазақ қызын алып отыр – бір-бірімен туыс. Қазіргі сәтте жағдай тұрақталды. Десе де біз барлығын бақылауымызда ұстап отырмыз", – деп қосты Амандық Баталов.
Мұнымен қатар, облыс әкімі "Пенжім оқиғасына" ұлтаралық қақтығыс деп баға бергендермен мүлдем келіспейтінін айтты.
"Балалар дәлізде келе жатып, иық тіресіп, кейін төбелесіп қалса, қалайша мұны ұлтаралық қақтығыс деп айта аламыз?! 9 және 10-сынып оқушылары өзара төбелесіп отыр. Қазақтың орнында – орыс, ұйғыр орнында – кәріс болуы да мүмкін еді ғой. Мен облыс әкімі ретінде нақты жауапкершілікті өз мойныма алып, ол жерде мұндайдың (ұлтаралық қақтығыстың – редакция түсіндірмесі) жоқ екенін айтамын. Мен сол жерде өмір бойы тұрып келе жатқан екі адам – Серік Асылбаев пен Зәкіржанға өтініш айттым. Серік – қазақ, Зәкіржан – ұйғыр. Біріншісі барып өз ақшасына терезелерді жөндеп шықты, екіншісі дәл солай қажет техникамен қамтамасыз етті", – деді Амандық Баталов.
Еске салсақ, Алматы облысының Пенжім ауылындағы оқушылар арасындағы жанжалдың жаппай тәртіпсіздікке ұласқаны туралы хабарлаған едік. Полиция Пенжім ауылында жағдай тұрақталғанын және бақылауда екенін хабарлады.