Бас мүфти биыл Рамазан айы 19 ақпанда басталатынын ресми растады
Астанада Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Рамазан айына орай төралқа мәжілісін өткізді, деп хабарлады ҚМДБ баспасөз қызметі.
"Біз Түркі мемлекеттері ұйымына қарасты мүфтилер алқасы жанындағы пәтуа кеңесінің және ғылыми зерттеулер нәтижесін ескеріп, ортақ шешім қабылдадық. Алла қаласа, биыл Рамазан айы 19 ақпанда басталады. Ал наурыз айының 16-нан 17-не қараған түн – қасиетті Қадір түні. 20 наурыз – ораза айт мерекесі", – деді Наурызбай қажы Тағанұлы.
Еске салайық, бір апта бұрын Өзбекстанның Самарқанд қаласында өткен жиында Түркі мемлекеттері ұйымына қарасты елдердің діни басқармаларының жанындағы Пәтуа кеңестері биылғы Рамазан айы басталатын күнді 19 ақпан деп белгілеген болатын.
Мұсылмандар қауымы оразаны 19 ақпаннан баста ұстайды. Бұл Қазақстан мұсылмандарының діни басқармасы бұрынырақ жариялаған 2026 жылғы діни күндер кестесімен сәйкес келеді. Сәйкесінше, Қазақстан мешіттерінде алғашқы тарауық намаз 18 ақпанда оқылады.