Бас мүфти Құрбан айт құрметіне кәсіпкерлерді мал құнын шарықтатпауға үндеді
Құрбан айттың негізгі мәні – мұсылмандар арасында өзара мейірімділік, жомарттық, қайырымдылық.Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы ел халқы мен кәсіпкерлеріне Құрбан айт күніне орай үндеу жариялап, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасына жеңілдік жасауға шақырды.
"Айт күндері халық тарапынан мал сатып алуға деген сұраныстың арта түсетіні белгілі. Осы ретте еліміздегі барша шаруа қожалықтарының қожайындарын ұлық мейрам – Құрбан айттың құрметіне мал құнын шарықтатпай, халыққа оңтайлы бағаны ұсынуға шақырамын. Сонымен қатар, барша кәсіпкерлерді тұрғындар күнде тұтынатын әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасына мүмкіндігінше жеңілдік жасауға үндеймін", – делінген үндеу мәтінінде.
Оқи отырыңыз: Құрбандыққа малды қайдан алып, қалай шалған дұрыс?
Ол, сондай-ақ, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы қуаңшылықтан зардап шеккен өңірлердегі шаруаларға қолдау көрсету мақсатында "Қиындықта ел бірге" атты қайырымдылық акциясын бастағанын мәлімдеді. Акция аясында Қызылорда, Маңғыстау облыстарына жем-шөп жөнелтіледі.
Биыл Құрбан айт мерекесі 20-22 шілде күндері өтеді. Бұған дейін ҚМДБ онлайн және офлайн құрбан шалу тәртібін түсіндірген болатын.