Алматыда жүзге жуық кәсіпкер қыс түскенде жұмыссыз қалуы мүмкін. Айтуларынша, базар әкімшілігі дүңгіршектердің сүрілетінін айтқан, деп хабарлайды 31-арнаның "Информбюро" ақпараттық бағдарламасы.

"Егер бес жылдан кейін сүріледі десе, осында жұмыс істеп жатқандар алдын ала ойланатын еді. Келіп бір жыл, екі жыл тұратынын айтады. Халықтың бәрін шырылдатып қояды. Қашанғы қара халық шырылдайды? Қашанғы біз шырылдаймыз?" – деді кәсіпкер Асылхан Қарғабай.  

Тағы бір кәсіпкер Зарина Рысмендиева базардағы сатушыларда төлеп отырған несиесі барын айтады. 


Оқи отырыңыз: Алматыдағы "Барыс-4" базары мемлекетке қайтарылмақ


"Біз не істейміз? Алдымызда қыс, міне. Әрқайсысымыздың отбасымыз бар, бала-шағамыз бар. Кредиттеріміз бар. Біз қалай өмір сүреміз? Біз осы мемлекетке сеніп, әрқайсысымыз біреуден нан сұрап отырған жоқпыз. Біреуден ақша сұрап отырған жоқпыз. Өзіміз кәсібімізді жүргізіп кішігірім болса да, өз күнімізді өзіміз көріп жатырмыз", – деді кәсіпкер Зарина Рысмендиева. 

Бар тапқан табысын осы кәсіпті дөңгелетуге салған кәсіпкерлердің орындарын тастап кеткісі жоқ. Кеткен күнде де қайда барарларын білмейді. Сол үшін тым құрығанда қолда бар тауарын сатуға кемі үш ай уақыт беруді сұрап отыр. Болмаса, басқа жерден орын тауып берсін, дейді. Базар әкімшілігі де "сауда нүктелерінің сүрілетінін кеше естідік" деп ақталды. 

"Әкімшіліктің өзі кеше ғана білді. Біз кеше ғана ескерттік. Бәріне босату керектігін айттық. Бүгін шығыңдар, заттарды түсірмей, ақырын жинастыра беріңіздер деп айттық. Ертең келеді. Келген соң сөйлесіп көреміз. Мүмкіндігінше создыруға тырысамыз деп қана айттық", – деді Сауда орталығының директоры Елдос Кенжебекұлы. 

Ал шенеуніктер Бақордағы заңсыз құрылыс көктемде анықталғанын айтты. Ол үшін мамандар арнайы тексеріс жүргізген. Сөйтіп аумағы 6200 шаршы метрді құрайтын заңсыз құрылыс нысандарын нақтылапты. Айтуларынша, бұл іске қатысты сот болып, судья 26 шілде күні сүру туралы шешім шығарған. 


Оқи отырыңыз: Президент тапсырма берсе де, "Алтын Орда" базарында әлі тәртіп орнаған жоқ


"Меншік иесі осы күнге дейін заңсыз құрылысты өз еркімен бұзып тастап жатыр. Қазіргі таңда енді қалған заңсыз құрылыстарды мәжбүрлі түрде бұзу жөнінде сот орындаушылары меншік иесіне хабарлама берілген. Қазір сот орындаушылары әрі қарай бұзуды жалғастырады", – деді Алматы қалалық қала құрылысын бақылау басқармасы басшысының орынбасары Олжас Төлебаев. 

Бірақ келеді деген сот орындаушылары ақыры келмейтін болып шықты. Өйткені аудан әкімдігі құзырлы органдармен бірлесіп, сүру жұмыстарын кейінге шегертуге келісіпті. Яғни жаңа жылға дейін жұмыс істеуге рұқсат.