Банк лицензиясынан айырылса, кепілдендірілген өтемақыны қалай алуға болады? ҚДКБҚ жадынама ұсынды
2022 жылы ҚДКБҚ лицензиясынан айырылған 9 банктің салымшыларына өтем төлеп бітті.Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры салымшыларға "Дәлелді себептер" бойынша қалай өтініш беруге болады және кепілді өтемді алудың қандай жолдары бар екенін түсіндірді.
Мысалы, Сіздің банк лицензиясынан айырылды делік, ал Сіз қандай да бір себептерге байланысты белгіленген мерзім ішінде депозитіңіз бойынша өтініш беріп, кепілді өтем алуға үлгере алмай қалдыңыз. Мұндай жағдайда не істеуге болады? Салымшы өтем алуға үміт арта ала ма? Осы және өзге де сұрақтарға жауап беру үшін Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры ұсынған қысқаша жадынаманы ұсынамыз.
"Дәлелді себептер" деген не және оларға қандай мән-жайлар жатады?
Дәлелді себептер тізбесі депозиттерге кепілдік беру туралы заңмен белгіленген және онымен шектелмейді:
- әскери қызметке кіру;
- Қазақстан Республикасының аумағынан тыс жерде болу;
- депозитордың мұрасын қабылдау және мұраны иемденуге немесе ашуға байланысты өзге де себептер;
- бас бостандығынан айыру орындарында болу;
- сот анықтаған өзге де мән-жайлар.
Жоғарыда аталған себептердің әрбірі құжат жүзінде расталуы тиіс.
"Дәлелді себептердің" бар екендігін қандай құжаттар растауы мүмкін?
- әскери қызметке орналасқан жағдайда Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің әскери басқарма органдары берген, әскери есепке алу құжаттары немесе әскери борышты өтегендігін растайтын растаушы мәліметтер;
- ел аумағынан тыс жерде болған жағдайда шекарадан өткені туралы белгі соғылған төлқұжат және төлем мерзімі барысында шетелде болғандығын растайтын өзге құжаттар;
- егер өтініш беруші төлем мерзімі барысында салымшының мұрасын қабылдаған жағдайда немесе мұраны қабылдау не болмаса ашуға қатысты өзге де себептері бар болса – салымшының қайтыс болғаны туралы куәлік, заң/өсиетнама бойынша Мұраға құқық туралы куәлік және мұраны ашу немесе қабылдауды растаушы, оның ішінде сот актілері бар өзге де құжаттар;
- бас бостандығынан айыру орындарында болған жағдайда заңды күшіне енген сот шешімі және бас бостандығынан айыру орнында жазасын өтегені жайында құжат;
- сот анықтаған өзге де мән-жайлар болған жайдайда – өтем төлеу мерзімі барысында кепілдік берілген өтемді алуға өтініш беруге кедергі келтірген мән-жайлар келтірілген және заңды күшіне енген сот шешімі. Мұндай шешімді алу үшін салымшы бүкіл төлем мерзімі барысында оған кепілдік берілген өтемді алу үшін жүгінуге кедергі келтірген қандай да бір деректі айқындауды талап етіп, азаматтық сот ісін жүргізу тәртібімен сотқа жүгінуі тиіс.
Оқи отырыңыз: Смайылов құрғақшылықтан зиян шеккен шаруалардың несие өтеу мерзімін ұзартуды тапсырды
Атап өтететін бір жайт – жоғарыда аталған себептерге қатысты барлық құжаттарға қойылатын бір маңызды талап бар – яғни, олар салымшыға төлем мерзімі барысында өтем алуға кедергі келтірген мән-жайлардың үзіліссіздігін растауы тиіс. Төлем мерзімі банк лицензиясынан айырылған күннен бастап, 1 жылға дейін созылатындығын еске саламыз.
"Дәлелді себептер" болған жағдайда өтем алуға өтінішті қалай беруге болады?
Өтініштің арнайы нысаны ҚДКБҚ сайтында орналасқан. Салымшы оны қағазға түсіріп, өз қолымен толтырып, дәлелді себептердің бар екендігін растайтын және өтем алу құқығын белгілейтін өзге де құжаттарды қоса ұсынуы тиіс. Осыдан кейін құжаттар топтамасын мына мекенжайлардың бірі бойынша тікелей ҚДКБҚ-ға әкеліп тапсыру керек:
- Алматы, A15P5B5, Сәтбаев көшесі, 30/8, 4 қабат;
- Астана, Z01А5АF2, Байқоңыр ауданы, М. Ғабуддлин көшесі, 18, 1 қабат, №5 кеңсе.
Сонымен қатар құжаттарды ҚДКБҚ-ның Алматы мен Астанадағы кеңселерінің электрондық пошталарына да жолдауға болады. Бірақ мұндай жағдайда салымшының өтініштегі қолы нотариалды жолмен куәландырылуы тиіс.
Өтініш қанша күн қаралады және өтем ақша қайда аударылады?
ҚДКБҚ өтініш пен растаушы құжаттарды олар келіп түскен күннен бастап 5 жұмыс күні ішінде қарайды. Бұл мерзім ҚДКБҚ-ға кепілді өтемді салымшының өтінішінде көрсетілген банк шотына аудару немесе оған өтем төлеуден бас тарту шарасын жүргізу үшін керек.
Оқи отырыңыз: Вьетнамның ең ірі конгломераты Қазақстанда сауда-логистикалық орталық салады
"Дәлелді себептер" бойынша қандай жағдайларда өтем төлеуден бас тартылуы мүмкін?
Растаушы құжаттар жоқ болса немесе олар тиісті деңгейде рәсімделмеген болса, кепілді өтемді төлеуден бас тартылуы мүмкін:
- өтем төлеу жөніндегі өтініш дұрыс толтырылмаған немесе толық көлемде толтырылмаған (деректердің қоса тіркелген растаушы құжаттарға сәйкес еместігі немесе деректемелердің не болмаса дәлелді себептердің жоқ болуы, қол қойылмауы және т.б.;
- құжаттарды рәсімдеу барысында ҚР заңнамалық талаптары бұзылған (белгіленген нысанда берілмеген);
- берілген құжаттар салымшының төлем мерзімі барысында өтініш беруіне кедергі келтірген дәлелді себептердің бар екендігін растамайды (мысалы, өтініш беруші банк бойынша өтем төлеу мерзімі аяқталғанға дейін берілген мұраға құқық туралы куәлікпен кепілді өтем алу үшін жүгінді, яғни оның төлем мерзімі барысында өтініш беруіне толық мүмкіндігі болған және т.б.);
- салымшының төлем мерзімі барысында өтініш беруіне кедергі келтірген мән-жайларды растаушы құжаттардың берілмеуі немесе толық көлемде берілмеуі.
ҚДКБҚ салымшының әрбір жолданымын жеке тәртіпте қарайды және өтем төлеуден бас тартқан жағдайда, салымшыға берілетін жазбаша мәлімдемеде бас тарту себептері және анықталған сәйкессіздіктерді жоюға қатысты ақыл-кеңестер көрсетіледі.
Егер салымшыға "дәлелді себептер" бойынша өтем төлеуден бас тартылса не істеу керек?
Өтем төлеу мерзімі барысында өтініш беруге кедергі келтірген мән-жайларды растайтын, тиісті дәрежеде рәсімделген құжаттар бар болған жағдайда салымшы төлем алуға өтінішті қайта бере алады. Өтем алу үшін ҚДКБҚ-ға жүгіну саны шектелмейді.
Егер салымшының өтем ақшасы БЖЗҚ-ға аударылып кеткен болса, ол "дәлелді себептер" бойынша өтем алуға өтініш бере ала ма?
Иә, бере алады. Ол өтінішпен және дәлелді себептерді растаушы құжаттармен БЖЗҚ-ға жүгінуі керек. ҚДКБҚ БЖЗҚ-ға тиісті мәлімдеме жолдайды. Оны алған соң, БЖЗҚ аударылған ақшаны салымшының ерікті зейнетақы жарналарын есепке алуға арналған зейнетақы шотындағы зейнетақы жинақтарының қолдығы шегінде ҚДКБҚ-ға қайтарады.
Атап өту керек, әлеуметтік қорғау туралы заңнамада ерікті зейнетақы жарналарына инвестициялық табысты есептеу қарастырылған. Яғни салымшының таңдауы бойынша ол кепілді өтем сомасын әлеуметтік қорғау туралы заңнамада көзделген тәртіпте және мерзімде есептелген инвестициялық табыспен бірге зейнетақы төлемдері ретінде алуы мүмкін.
Алайда егер салымшы өтем ақшасын ҚДКБҚ-дан алуға ниеттенсе, бірақ қаржы нарығындағы қандай да бір ахуалдарға байланысты оның ерікті зейнетақы жарналарын есепке алуға арналған зейнетақы шотына аударылған талап етілмеген өтем сомасы азайып кетсе, ҚДКБҚ дәлелді себептер расталған жағдайда салымшыға өтем ақшасын арнайы резерв қаражатының есебінен толық көлемде қайтарады.
Салымшы "дәлелді себептерге" байланысты кепілді өтемді алуға өтінішті қандай мерзім ішінде беруі тиіс?
- Банк бойынша тарату үдерісі толығымен аяқталғанға дейін (яғни, банкті мәжбүрлеп тарату туралы мәліметтер Бизнес-сәйкестендіру нөмірлерінің ұлттық тізіліміне енгізілген күнге дейін) немесе
- салымшының әлеуметтік қорғау туралы заңнамаға сәйкес ерікті зейнетақы жарналары есебінен зейнетақы төлемдерін алу құқығы басталғанға дейін (төлем мерзімі аяқталған соң, салымшының талап етпеген өтем сомасы БЖЗҚ-ға аударылған жағдайда).
Оқи отырыңыз: Тоқаев: Жыл соңына дейін Вьетнаммен сауда-саттық 1 миллиард долларға жетеді
Төлем мерзімінің аяқталуына байланысты салымшының кепілді өтемді алу бойынша сұрақтары бар болса, кімге жүгінуге болады?
Кепілді өтемді төлеуге байланысты кез келген сұрақтар бойынша ҚДКБҚ байланыс орталығының 1460 тегін нөміріне хабарласуға болады немесе сауалдарды info@kdif.kz поштасына немесе @kdif_ask Тelegram-чатына жолдауға мүмкіндік бар.
Одан басқа, ҚДКБҚ қызметкерлері Қор кеңсесінде немесе 8 (727) 312 24 49 нөмірі бойынша "дәлелді себептерге" қатысты өтінішті дұрыс рәсімдеуге көмектесіп, қажетті құжаттар бойынша ақыл-кеңес бере алады.
Атап өту керек, өтінішті жолдамай тұрып, өзіңізді мазалаған сұрақтар бойынша ҚДКБҚ-ға алдын ала жүгінсеңіз, бұл Сіздің уақытыңызды үнемдеуге, негізсіз шығындарға жол бермеуге және құжаттарды дұрыс рәсімдемеу салдарынан туындайтын өтем төлеуден бас тарту тәуекелдерін барынша азайтуға мүмкіндік береді.