"Бала-шағамен жолды жабамыз". Ақтөбе-Астрахань жолының құрылысы неге дауға ұласты?
Өңір тұрғындары балалары үшін алаңдап отырғанын айтады.Бестамақ ауылының тұрғындары 2017 жылы мақұлданып, халықаралық банкпен қаржыландырылып, өткен жылы басталған құрылыс жобасын өзгертуді талап етті. Ал жауаптылар биыл тапсырылуы тиіс жол құрылысын өзгерту қиынға соғатынын айтады. 100 шақырым жолға 63 миллиард теңге бөлінген, деп хабарлайды 31 арнаның "Информбюро" ақпараттық бағдарламасы.
"Неше түрлі өзге ұлт өкілі өтеді. Ертең біздің қыздарымыздың аман болатынына, ешкім ұрламайтынына кім кепіл? Бүгін жаңбыр жауып тұрғандықтан, шаң көрінбейді. Күн ыстықта мына жер көк шаң, ешнәрсе көрінбейді. Терезе аша алмаймыз, балаларды шығара алмаймыз", – деді Бестамақ ауылының тұрғыны Салтанат Есілова.
Тұрғындардың айтуынша, жол төрт жолаққа көбейсе, онда асфальт есік алдына дейін төселеді.
Оқи отырыңыз: ҚазАвтоЖол: Алтын Орда жол айрығын биыл аяқтау үшін екі ауысыммен жұмыс істейміз
Ақтөбе мен Атырауға дейінгі 600 шақырымдай жолдың құрылысына жауапты "Қазавтожол" компаниясы биыл маңызды тораптың Ақтөбе мен Қандыағаш арасындағы құрылысын бітірмек. Бірақ тұрғындардың қарсылығын ескеріп, көлік жолдары комитеті мен Азия даму банкіне ұсыныс жолдаймыз деп уәде беріп отыр. Егер халық ауыл ішіне төрт емес, екі жолақты жол салуға рұқсат берсе, жол көлемін қысқартуды жоспарлап отыр. Ол үшін Бестамақ ауылының тұрғындары бірауыздан өз келісімін беруі керек.
"Егер ауыл ішімен екі жолақты жол болып өтетін болса, біз тоқтатпай сала береміз. Бүкіл халықтың ортақ пікірі керек, бізге олардың бөлінгені қажет емес. Берген құжатын қарастырамыз. Жолдың Бестамаққа дейін келетінін тағы айтамын. Бұл мәселе шешілгенше жолды Бестамақтан Алғаға қарай салып кете береміз. Егер айналып өту қажет болса, онда жол құрылысы тағы 1-2 жылға созылады", – деді "ҚазАвтоЖол" АҚ Ақтөбе облыстық филиалының директоры Марат Махамбетов.
Оқи отырыңыз: Зерттеу қорытындысы: Қазақстанда жол апаты күзгі мезгілде жиі болады
Қазавтожол өкілдері жаңа торап төрт жолақты болса, көлік қатынасының еселеп көбейетінін мойындап отыр. Ал "жол құрылысын бастамас бұрын, ешкім халықпен санаспады" деген тұрғындар егер жауаптылар шағымымызға құлақ аспаса, бала-шағамызбен жолды жабамыз дейді.