"Бакалавриат қайтарылады". "Болашақ" бағдарламасындағы үш өзгерісті ғылым министрі атады
Халықаралық олимпиада жүлдегерлері автоматты түрде "Болашақ" стипендиясын алады.Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек журналист, Мәжіліс депутаты Нартай Аралбайұлына берген сұхбатында алдағы оқу жылынан бастап "Болашақ" бағдарламасына енгізілетін үш өзгерісті атады.
Бірінші кезекте, Қазақстан "Болашақ" бағдарламасымен қайтадан бакалавр мамандарды дайындайды. Еске салайық, "Болашақ" бағдарламасынан бұл функция 12 жыл бұрын алынып тастап, қазір тек магистрлер дайындалады.
"Қазір "Назарбаев мектебінің түлегі әлемнің 26 жоғары оқу орнына түсті" не "Білім-Инновация мектебінің түлегі 17 оқу орнынан шақыру алды" дегендей жаңалықтарды жиі естиміз. Әлемде дарынды балаларды тартуда бәсеке басталды. Біздің мұндай таланттарымызды шетел алып кетіп жатыр. Мұны болдырмас үшін халықаралық олимпиада, сайыстардың жүлделі орын иелеріне "Болашақ" стипендиясын автоматты түрде беруді көздеп отырмыз. Алсын, оқып қайтсын. Есесіне, оларда елге келіп, алған білімін жұмыспен өтеу жөнінде міндеттеме болады", – деді ғылым министрі.
Оқи отырыңыз: Қасым-Жомарт Тоқаев: "Болашақ" бағдарламасының бағытын өзгертеміз
Екінші өзгеріс – "Болашақ" бағдарламасы жұмыс берушілермен тікелей ұштастырылады. Жұмыс беруші компания қажет кадрларды дайындауға тапсырыс береді, сәйкесінше кейін оларға жауапкершілік те жұмыс берушіге жүктеледі.
"Бұрын бағдарламаға кез-келген үміткер қатыса алатын болса, енді тапсырысты компаниялар береді. Айталық, "Қазатомөнеркәсіп" ядролық энергетика бойынша өзіне қажет мамандар тізімін береді. Біз тапсырысты қабылдап, оларды оқытуға лайық әлемдегі үздік оқы орындарын, зертханаларын тауып, оқытамыз да Қазатомөнеркәсіпке қайтарып береміз. Сол мамандарға жауапты Қазатомөнеркәсіп болады", – деп түсіндірді Саясат Нұрбек.
Оқи отырыңыз: "Болашақ" бағдарламасымен шетелде кімдер тағылымдамадан өте алады?
Үшінші өзгеріс – алдағы уақыт жылынан бастап жалпы грант санының 60 пайызы техникалық мамандықтарға беріледі.
"Медицина, техника... өзге де ең қажет салаларға маман дайындауға мән береміз. Бізде "Болашақпен" білім алып, оның әлеуетін дұрыс пайдаланбай жүргендер негізінен гуманитарлық сала мамандары. Олардың саны шектеледі", – деді ғылым министрі.
Министр, сонымен бірге, енді грант саны шектеліп, сапаға мән берілетінін атап өтті.