Азия Пара ойындарының қалашығында Қазақстан туы көтерілді
Бүгіна Ханчжоудағы пара атлетикалық ауылда Қазақстанның мемлекеттік туын салтанатты түрде көтеру рәсімі өтті.Бүгіннен бастап Қазақстан құрамасы ресми түрде IV Азия Пара ойындарының сайыстарына қатысуға мүмкіндік алды. Бұл туралы ҚР Туризм және спорт министрлігі хабарлады.
Шараға Қазақстан құрамасының спортшылары мен спорт саласының мамандары қатысты.
"Осы Ханчжоу-2022 пара ойындарына еліміздің тарапынан спорттың 14 түрі бойынша 131 спортшы қатысады. Бұл – Қазақстанның Азия пара ойындары тарихындағы қатысушылар саны бойынша жаңа рекорд. Алдыңғы ойындарға Қазақстаннан 9 спорт түрінен 91 спортшы қатысып, 33 жүлдеге қол жеткізген болатын. Биылғы жылы одан да көп медаль әкелеміз деп үміттенеміз", – деді Ұлттық Паралимпиада комитетінің бас хатшысы Ерлан Сүлейменов.
Қазақстан Туын көтеру рәсіміне қатысқан пара пауэрлифтигтен Токио-2020 Паралимпиада ойындарының жеңімпазы, Әлем және Азия чемпионы Давид Дегтярев салтанатты іс-шарадан алған әсерімен бөлісті.
Оқи отырыңыз: Республикалық VI Паралимпиада ойындарына астаналық 66 спортшы қатысады.
"Бүгін Ханчжоуда еліміздің туы көтерілді. Өзге елде Қазақстанның туы желбіреп тұрғаны әрдайым қуантады. Еліміздің көк байрағын осылай биіктен желбіретуге бар күшімізді саламыз", – деді ол.
Айта кетсек, IV Азия Пара ойындары 22-28 қазан аралығында Ханчжоу (ҚХР) қаласында өтеді. Жарысқа 22 спорт түрінен 43 мемлекеттен 4000-ға жуық спортшы қатысады.