Azerbaijan Airlines ұшағының апаты: Көлік министрлігі аралық есепті жариялады
Қазақстан Республикасының Көлік министрлігі Azerbaijan Airlines әуе компаниясының Embraer 190 (4K-AZ65) әуе кемесімен болған авиациялық оқиғаға қатысты тергеп-тексеру жұмыстарының аралық нәтижелерін жариялады.
Министрліктің мәліметінше, 2024 жылғы 25 желтоқсанда Баку – Грозный бағыты бойынша J2-8243 жолаушылар рейсін орындаған әуе кемесі Ақтау қаласының маңында апатқа ұшыраған. Апат салдарынан 38 адам, оның ішінде 3 экипаж мүшесі қаза тауып, 29 жолаушы әртүрлі дәрежедегі жарақат алған.
2024 жылғы 26 желтоқсанда ҚР Көлік министрінің міндетін атқарушының №433 бұйрығымен құрылған арнайы комиссия авиациялық оқиғаның себептері мен ілеспе факторларын анықтау бойынша жұмыс жүргізіп жатыр. Тергеуге Әзербайжан, Ресей және Бразилия өкілдері, сондай-ақ ИКАО бақылаушысы қатысуда.
"2025 жылғы 4 ақпанда ИКАО-ның 13-қосымшасының талаптарына сәйкес алдын ала есеп дайындалды. Комиссия экипаж мүшелері мен әуе қозғалысын басқару қызметінің жұмысына қатысты деректерді, ұшу құжаттамасын, метеорологиялық ақпаратты және техникалық қызмет көрсету материалдарын жинап, талдады. Борттық деректерді тіркеушіден (FDR) алынған мәліметтер сәйкестендірілді. Оқиға орнында әуе кемесінің қалдықтары егжей-тегжейлі зерттеліп, фото және бейнетіркеу жүргізілді. Сондай-ақ бірнеше сараптама өткізілді. Анықталған бөгде металл фрагменттерге жүргізілген кешенді зерттеулер барысында жарылғыш заттардың іздері табылған жоқ. Дегенмен әуе кемесінің кейбір зақымдары оқ-дәрі бөлігінің зақымдаушы элементтерінің әсерінен болуы мүмкін деген болжам айтылды, алайда олардың нақты қайдан шыққаны анықталған жоқ. №2 гидравликалық жүйенің түтігінде қатты заттардың әсерінен пайда болған зақым анықталды. Сонымен қатар авионика модульдері мен GPS жүйелеріне зерттеулер жүргізіліп, қазіргі уақытта алынған деректер талданып жатыр", – делінген хабарламада.
Комиссия екі жұмыс тобын құрды. Біріншісі — қақтығыс аймақтарының үстімен немесе маңында ұшуларды орындау кезіндегі тәуекелдерді бағалау мәселесін зерттейді. Бұл ретте Ресей мен Әзербайжанның авиациялық билік органдары және Azerbaijan Airlines ұсынған құжаттама талданып жатыр. Екіншісі — конструкция элементтерін нақты есепке алу және гидравликалық жүйе фрагменттерін реконструкциялау жұмыстарымен айналысады.
Көлік министрлігі тергеп-тексеру объективті түрде, тек нақты фактілерге сүйене отырып жүргізілетінін атап өтті. Авиациялық оқиға бойынша түпкілікті есеп дайын болған соң, ол министрліктің ресми сайтында жарияланады.