
Көлік министрлігі 25 желтоқсанда Ақтау маңында апатқа ұшыраған Azerbaijan Airlines (AZAL) ұшағының апатына қатысты тергеудің алдын ала нәтижелері бойынша есеп берді.
Есептегі мәлімет бойынша, Грозный әуежайына екі рет қона алмағаннан кейін экипаж Бакуге оралуды ұйғарған. Сағат 05:13:32-де кері қайту кезінде ұшақтың негізгі басқару жүйелері жоғалған.
"Әрі қарай, сағат 05.42-де экипаж Ақтаудағы қосалқы аэродромға шұғыл қонуға шығу туралы шешім қабылдады. Ұшақ бортында экипаждың бес мүшесі және 62 жолаушы болған. Апат салдарынан ұшақ командирі, екінші ұшқыш, аға бортсерік және 35 жолаушы (барлығы 38) қайтыс болды (оның ішінде алты Қазақстан азаматы, 25 Әзербайжан, жетеуі Ресей азаматы), екі бортсерік және 27 жолаушы түрлі дәрежедегі дене жарақаттарын алған. Салдарынан ұшақ қирап, жартылай жанып кеткен", – делінген хабарламада.
Апат салдарынан ұшақ толығымен қирап, жердегі өртте жартылай жанып кетті.
Құжатта есеп аясында жүргізілген тергеу "біреудің кінәсі мен жауапкершілігінің үлесін белгілеуді білдірмейтіні" нақтыланған.
"Осы есепте ұсынылған ақпарат – алдын ала мәлімет және зерттеулер мен барлық материалды зерделеу нәтижесінде нақтыланып, толықтырылуы мүмкін. Жұмыс аяқталғаннан кейін авиациялық оқиғаны тергеп-тексеру қорытындысы бойынша түпкілікті есеп дайындалады", – делінген құжатта.
Сонымен қатар есепте комиссия әуе кемесінің құрылымдық зақымдануларын жан-жақты тексеруді жалғастырып жатқаны көрсетілген.
"Сақталған фрагменттердің бастапқы қарауы фюзеляждың құйрық бөлігінде, тік қанатында, тұрақтандырғышында, биіктік пен бағытын басқару рулдерінде әртүрлі мөлшердегі және пішіндегі көптеген тесілген және тесілмеген зақымдарды анықтады. Ұқсас зақымдар әуе кемесінің сол жақ қозғалтқышы мен сол қанатынан, сонымен қатар оның агрегаттары мен құрамдас бөліктерінен де табылды. Кейбір жерлерде зақымдар дұрыс тікбұрышты формаға ие", – делінген құжатта.