"Самұрық-Қазына" АҚ Қоғамдық кеңесінің отырысында "Қазпошта" АҚ басқарма төрайымы Әсел Жанасова ауылдарда кейбір қызметкерлер 0,2 ставкамен жұмыс істейтінін, ал орташа жалақы 96 мың теңгені құрайтынын хабарлады.

Компаниядағы 20 мың жұмысшының төрт мыңы толық емес жұмыс күнімен жұмыс істейді.

"Ең төменгі жалақы 96 мың теңге болса, Қазпоштада жұмыс істейтін адам 0,2 ставкамен отырып,  20 мың теңге жалақы алады және ол адамда бұдан басқа қосымша жұмысы жоқ. Демек, ол бар болғаны 20 мың теңге жалақыға жұмыс істейді.  Ауылдағы орташа жалақы  96 мың теңге дегенді естігенде ол адамда "Бұл қалай болғаны?" деген сұрақ туындайды. Менің ойымша, егер 0,2 жалақымен жұмыс істейтін адамдар көп болса, ауылда басқа жұмыс жоқ екенін пайдаланып, адамдарды босқа ұстамай, басқа технологияларды енгізу керек. Осы мәселені қарастыру керек", – деді кеңес төрағасы Болат Жәмішев.


Оқи отырыңыз: Қазпошта Талғат Бигелдинов бейнеленген марка шығарды.


Әсел Жанасованың айтуынша, банкоматтар мен технологияларды пайдалана отырып, процестерді оңтайландыру – өте қиын.

"Пошта және қаржылық қызметтерді бір оператор басқарады. Пайдаланушылар санына арналған қосымша банкоматтар паркі өте қымбат болады. Банкоматтарға қызмет көрсету миллиард теңге тұрады. Олар жұмыс істеуі үшін интернет керек", – деп түсіндірді ол.