Атыраудағы отбасының өлімі: күдіктіге қатысты сараптама қорытындысы жарияланды
Атырау облысы прокуратурасы Жангелді ауданында болған ауыр қылмысқа қатысты жаңа мәліметтерді жариялады. Құзырлы органның дерегінше, негізгі күдікті Сұлтан Сәрсемәлиев сот-психиатриялық сараптама нәтижесі бойынша есі дұрыс деп танылған, деп хабарлайды "АқЖайық".
Мәліметтерге сәйкес, ол мамыр айында балдызы Наурыз Мұқанғалиевті, ал қараша айында қайын атасы мен қайын енесін және тағы бір туысын өлтірді деген күдікке ілінген. Күдікті қылмысты жалғыз өзі жасаған және ешкіммен алдын ала сөз байласпаған.
Атырау облысы прокурорының көмекшісі Жандар Болатбектің айтуынша, қаза тапқандардың денесінде көптеген пышақ жарақаттары анықталған.
"Әрқайсысында кемі алты немесе одан да көп жарақат бар. Күдікті олардың кеуде, мойын және басқа да маңызды мүшелеріне пышақ сұққан", – деді ол.
Қазіргі уақытта күдіктінің жұбайы Ақбаян Мұқанғалиеваға қатысты психиатриялық сараптама нәтижесі әлі дайын емес.
Еске салайық, 2025 жылғы желтоқсанда полицияға 66 жастағы ер адам, 64 жастағы әйел және олардың 32 және 35 жастағы балаларының жоғалғаны туралы хабарлама түскен. Туыстары олардың қараша айынан бері байланысқа шықпағанын айтқан. Осы дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу басталып, жедел-тергеу тобы құрылған.
Қазіргі уақытта іс бойынша тергеу амалдары жалғасып жатыр.